Мәдениет үйі ішімдікке салынған қаңғыбастардың баспанасына айналды

213

Мәдениет үйі, ішімдікке салынған қаңғыбастардың баспанасына айналды. Түлкібас ауданындағы Ынтымақ ауылының тұрғындары дәл осылай шағымданып отыр. Басты құндылықтың бірі саналатын мәдениет ошағының, маскүнемдер жиналатын орынға айналуына не себеп? Тұрғындар арасында, сұрықсыз үй аталып кеткен ғимараттың жай-күйі қалай?

Бұл, осыдан бір жарым жыл бұрын түсірілген бейнежазба. Ол кезде шенеуніктер апатты жағдайдағы ғимаратты бұзып, жаңасы салынады деп уәде берген еді.

Ал мына видео бар болғаны, бірер күн бұрын түсірілген. Бір ғана айырмашылығы – кіреберістегі тақтайшаны алып тастаған. Мәдениет ошағындағы «мәдени өмірдің» баяғыда сөніп қалғанын айтып шағымданған тұрғындар, «мұнда ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген», -дейді. Тіпті, қазірдің өзінде ғимараттың қабырғасы қаусап тұрған көрінеді.

Ауыл халқы жергілікті мәдениет үйінің ғимараты бүгінде қаңғыбастар мен маскүнемдердің баспанасына айналып, ішіндегінің бәрі қирап қалғандығын айтады. Жөндеу жұмыстары біршама уақыттан бері, қайта-қайта кейінге қалдырылып келеді екен. Ал, себебін, ешкім білмейді. Шарасыз ауыл тұрғындарының күтуден басқа амалы жоқ.

Бауыржан Сармышев, Түлкібас аудандық мәдениет бөлімінің өкілі: «Бұл ғимарат апатты жағдайда. 2018 жылдың соңында жобалық құжаттары дайын болды. Жаңа ғимараттың құрылысын бастау үшін облыс әкімдігіне бірнеше рет хат жазғанбыз. Қандай себептермен бұл жұмыстың іске аспай жатқандығын маған да айту қиын».

Айта кететін жайт, егер де ауылдан біреу үйірмеге немесе мәдени шараларға қатысқысы келсе, Ынтымақ ауылынан бірнеше шақырым жерде орналасқан Састөбе ауылындағы мәдениет үйіне баруына тура келеді

Аида Қарсыбайқызы