Шымкентте көпқабатты үйдің тұрғындары баспаналарына жапсарлас заңсыз салынған жертөлені алып тастауды сұрайды. Айтуларынша, онда қаңғыбас адамдар бас қосады. Күн жылығанда түнейді. Мүңкіген иісті қоспағанда, өмірімізге, әсіресе балаларымызға қауіп төне ме деп уайымдаймыз дейді, олар.
26 қаңтарға қараған түні Республика көшесі 20-үйдің жанындағы қараусыз қалған жертөледен өрт шықты. Әбүйір болғанда, жалынды жақын маңдағы нотариус қызметкерлері көріп қалып, төтеншеліктерді шақырған.
Үй сыртына салынған қараусыз жертөле тұрғындардың бас ауруына айналғанына 10 жылдан асқан. Айтуларынша, бұл қаңғыбас адамдардың тұрақты мекеніне айналған. Күн жылыда – жертөлеге қонып, паналайды. Күн суығанда күндіз келіп-кетеді. Тұрғындар қысы-жазы адам үзілмейтінін, ішімдік ішіп, шу шығаратынын, тұрғындардың өміріне қауіпті екенін жергілікті әкімдікке талай айтқан. Шу шыққанда полицияға да хабарласқан. Дегенмен мәселені ешқайсысы толық шешпеген.
АНДРЕЙ СЫН: «Жалпы ғимарат заңсыз салынған. 2013 жылы сот мұны сүріп тастау туралы шешім шығарған. Бұл туралы жергілікті әкімдікке, сот орындаушыларына, әділет департаментіне шағымдандық. Ешкім ешқандай шара қолданбай тұр. Әне-міне дегеннен ары аспай тұр».
Жертөле маңынан шыққан иіс қолқаны қабады. Өрт шығып, тұрғындар қайта арызданған соң әкімдік онда тазалықшыларды жіберген. Дегенмен тұрғындардың сұрағаны бұл емес. Олар ғимартты толықтай сүріп тастауды талап етіп отыр.
АНДРЕЙ СЫН: «Негізі мұнда дүкен салу жоспарланған. Көріп тұрғанымыздай, ешқандай дүкен салынбаған. Құрылысты бастағанымен, құжаты дұрыс болмай тоқтаған. Күнде камерадан қарап отырамыз. Түрлі адамдар келіп, кетеді. Әсіресе, жаз мезгілінде тыным жоқ. Сап-сау кірген адамдар теңселіп шығады. Ішімдік іше ме, есірткі пайдалана ма белгісіз. Қорқынышты әрі қауіпті. Кез келген уақытта тұрғындарға, ары-бері өткен адамдарға шабуылдауы мүмкін».
Тұрғындар бұл ғимаратты сүру туралы тиісті мекемелерге 6 рет арызданған. Жертөленің өртенуі бірінші рет емес дейді олар. Өрт сөндірушілер дер кезінде көмек беріп, жалынды сөндірген. Адам шығыны болмаған.
«Шымкент қаласы, Тұран ауданы, Республика даңғылы №20 мекенжайында орналасқан қараусыз қалған құрылыстың жертөлесінде шамамен 8 шаршы метр аумақта қоқыс қалдықтарының жануы тіркелді. Өрт 21:19-да оқшауланып, 21:27-де толықтай сөндірілді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ».
ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ
Төзімі таусылған тұрғындар қашанғы қаңғыбас адамдармен алысамыз деп отыр. Олар әкімдіктен бұл мәселеге жіті назар аударып, тыңғылықты шешіп беруін сұрайды.
Дилара Иса






