Түркістан: 38 мектеп кең жолақты интернетпен қамтылады

147

Түркістан облысының шалғайда орналасқан елдімекендерінде 38 мектеп бір айдың ішінде жоғары жылдамдықтағы кең жолақты интернетке қол жеткізе алады. Бұл ЮНИСЕФ-тің білім беру сапасын арттыруға бағытталған арнайы жобасы ГИГА-ның аясында жүзеге асып отыр. Халықаралық ұйым қазақстандық оқушыларды қалай қолдауда?

Түркістан облысы Ақбұлақ кентіндегі «Болашақ» мектебінде оқушылар қонақтарды тағатсыздана тосып тұрды. Әрине, басты себеп – келетін ғаламтор желісі болса да, балалар жұмыс сапарымен келген ЮНИСЕФ өкілдерімен өздерін толғантқан мәселелер жөнінде де әңгімелесті.

БҰҰ (ЮНИСЕФ) жанынан құрылған Балалар қоры өкілдігінің делегациясы ГИГА бастамасы шеңберіндегі арнайы жобаға қатысатын Түркістан облысындағы 38 мектептің бесеуін аралап шықты. Аталған бастаманың басты мақсаты – өңірдің шалғай ауылдарындағы мектептерді кең жолақты ғаламтор жүйесіне қосу.

Артур Ван Дизен, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі: «Ковид-19 пандемиясы, мектептер мен оқушыларды интернетке қосу, әр баланың жаңа білімге тең қол жеткізуіне кепілдік беру үшін өте маңызды екенін тағы бір дәлелдеді. Мен Қазақстанның ГИГА бастамасын қолдағанына және осы жоба бойынша өңірде көшбасшы болуға шешім қабылдағанына қуаныштымын. Біз шынымен де жастарға сапалы білім алуға, жұмысқа орналасуға, жақсы мүмкіндіктерге ие болуға және өзіміз үшін өнімді болашақты құруға көмектесеміз деп сенемін».

Шағыр кентіндегі Абылай Тілеубердин атындағы мектептің директоры Мақсат Мәжінбеков «кең жолақты интернетке қосылу – тек мүмкіндік беріп қана қоймай, белгілі бір жауапкершілікті жүктейтінін» айтады.

Мақсат Мәжінбеков, Абылай Тілеубердин атындағы жалпы орта мектептің директоры: «Қазіргі таңдағы пандемия кезіндегі, балалардың кешегі онлайн кезінде көптеген  интернеттен қиыншылықтар көрген болатынбыз. Алдағы жылда кез келген онлайн жүйеге кеңжолақты интернетпен дайынбыз деп кәміл сенемін. Қазір интернетсіз білім платформаларымен жұмыс істеу қиын болып қалды. Интернет болған, болмады емес. Оқушыларға көп мүмкіндік болмаған. Мектебімізді толықтай қамтамасыз етіп беріп отыр».

Мектеп оқушылары да өз қуаныштарын жасырмады. Сөздерінше, үйдегі интернет сапасының әлсіз болуы, тіпті кей жерлерде толық болмауы сабақтарына үлкен кедергі болған. Балалар енді мектеп сапалы жаңа білім алудың ошағына айналады деп қуанып отыр.

Диана, оқушы: «Осы уақытқа дейін біздің мектебімізде интернет жылдамдығы өте нашар еді. Осы ЮНИСЕФ халықаралық ұйымы демеушілктерінің арқасында мектебімізде интернет жылдамдығы өте керемет жасап жатыр. Соның арқасында Білімлэнд және тағы басқа платформаларға кіріп өзімізге керекті мәліметтерді алып жатырмыз».

Қала мен ауыл оқушылары арасындағы цифрлық алшақтық туралы ауылдан бөлек облыс әкімдігінде де айтылып келген. Алайда қазірше интернетті әкімдік тарапынан қосуға мүмкіндік болмағандықтан, ЮНИСЕФ қоры ұсынған бастама бірден қолдау тауып отыр.

Елнұр Өтебаев, Түркістан облыстық цифраландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасының басшысы: «Интернет жылдамдығы төмен мектептерді таңдадық. Бұл ол кісілердің инициативасы, біз оны қолдадық. Себебі қазір мынау пандемияның кезіндегі заманауи талаптарға сай жоғары жылдамдықты интернет. Қазір бұл мектепте оптикамен алып келген 20 мегабит/с жылдамдық. Ол 20 мегабит әрбір компьютерге барып тұр».

ГИГА – мектептерді кең жолақты интернетке қосудың жаһандық бастамасы. Ол – Гига 2018 жылы ЮНИСЕФ іске қосқан Проджект Коннекторының кеңейтілген үлгісі. 2019 жылы жоба ГИГА бастамасына айналып, мектептерді интернетке қосумен ғана шектелмей, мектеп оқушыларын цифрлық дағдыларға үйрету мүмкіндігіне ие болды.

Гүлдана Дәурен