Ақылы жолдан түскен қаржы қайда жұмсалады?

92

Түркістан облысында 23 қарашадан бастап бірнеше ақылы жол іске қосылды. Бұл Шымкент – Тараз, Шымкент – Қызылорда және Шымкент – Ташкент бағытындағы тас жолдар. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының айтуынша, жол ақысын енгізу республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайтады. Ал бұл учаскелермен өтетін жүргізушілердің не айтары бар?

Бұл Түркістан облысындағы жаңа ақылы жолдың кіреберісі. Мұнда ескерту белгісі орнатылған, ал камералар жол ақысын автоматты түрде есептейді екен. Бұл кедергісіз және кептеліссіз жүруге мүмкіндік береді дейді сала жауаптылары. Сондай-ақ жаңа технология жол құнын смартфонмен төлеуге болатынымен ерекшеленеді. Ал бұл туралы көлік жүргізушілерінің пікірі қандай?

«Жол жақсы әрі ыңғайлы. Жүргізушілерге жағдай жасалған. Жанармай құю бекеттері мен шаршасаңыз тоқтайтын орындар да бар»,-дейді көлік жүргізушісі.

Жүргізушілердің айтуынша, жол құны қалта көрер бағада. Жеңіл автокөлік үшін 1 километрге 1 теңге. Әрі жергілікті тұрғындар үшін жылына 1000 теңгелік жеңілдік қарастырылған екен. Ал жүк көліктері үшін төлем жүк көтергіштігіне байланысты, километріне 5 теңгеден 25 теңгеге дейін алынады. «ҚазАвтоЖол ҰҚ» АҚ Түркістан облыстық директоры Қуатжан Жұматаевтың сөзінше бұл қаржы республикалық бюджетке түсетін салмақты азайтады.

Қуатжан Жұматаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры: «Мұның мақсаты не? Мұның барлығы жол қауіпсіздігі үшін жасалып жатыр. Сонымен қатар, бюджеттік жүктемені алып тастау. Яғни, инвестор жиналған қаражаттың бір бөлігін бюджетке қайтарады, бұл қаражат сол жолдарды күтіп ұстауға жұмсалады».

Айта кетейік, 2022 жылы «ҚазАвтоЖол» Ташкентке апаратын ақылы жолда үш аспалы жаяу жүргіншілер өткелін салуды жоспарлап отыр.

                                                                                            Мөлдір Ибадуллаева