Мемлекеттік қызметте пара беру деректері толастар емес

179

Жемқорлыққа қатысты қылмыстық істің әр үшіншісі пара беруге қатысты. Жыл басынан тіркелген 1,5 мыңдай қылмыстың шамамен 500-ден астамы пара беріп, жазаға тартылғандар.

Жемқорлыққа қатысты қылмыстың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, білім,коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қамтамасыз ету және денсаулық сақтау салаларында тіркеліп отыр. Ел бойынша қылмысы әшкере болған 1280 адамның ішінде бір вице-министр, 13 әкім және оның орынбасарлары, 4 судья және 28 облыстық басқарма басшысы бар. Мемлекет бюджетіне келтірілген 20 млрд теңгеден астам шығын қайтарылған.

Марат Ахметжанов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы: «Биыл жемқорлық ісі өткен жылға қарағанда 34 пайызға азайып отыр. Оның өзіндік себептері бар. Біз бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күресте үшбуынды жұмыс жүйесіне көштік. Қазір сыбайлас жемқорлық ісі бойынша күдіктіге қатысты барлық процесуалды шешімдер прокурордың келісімінсіз заңды күшіне енбейді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұжырымдама әзірленді. 5 жылға арналған бағдарлама аясында енді шенеуніктер түрлі тәсілмен сыналады. Қызметіне адал емес мамандар алдын-ала анықталып, жұмыстан шеттетуге дейін жетуі мүмкін. Сондай-ақ келер жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің кірісі мен шығысы бақылауда болмақ. Егер кірісі негізсіз артқан жағдайда бірден тексеріледі.

Шынар  Оразова