Шымкент мектептерінде «жасыл» технологиялар белсенді түрде сынақтан өткізіліп жатыр. Білім беру ұйымдарында электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік беретін шешімдер енгізілуде. Соның бірі – қаладағы гимназиялардың бірінің шатырына орнатылған күн панельдері. Олар сағатына 50 киловаттқа дейін электр қуатын өндіріп, мектеп бюджетіне түсетін шығынды айтарлықтай азайтуға көмектеседі.
№65 мектеп-гимназиясына орнатылған күн электр панелі оң нәтижесін берді. Күн сайын шатырдағы 92 панелден сағатына 50 киловаттқа дейін электр энергиясы өндіріледі екен. Бұл қуат ғимаратты жарықтандыруға ғана емес, суды жылытуға да жеткілікті. Әрі аталған көрсеткіш энергия шығынын 20 пайызға төмендеткен. Үнемдеген қаржы білім ордасының материалдық,техникалық базасын жаңартуға жұмсалмақ.
АЛМАС ҚАЙЫПОВ, №65 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «23 мың киловатт электр энергиясы өндірілді. Жеті жарым айдың ішінде бұл есептік түрде шамамен 1 миллион 700 мың теңге үнемдеуге мүмкіндік берді».
Пилоттық жоба өзінің экономикалық тиімділігін көрсетті. Енді күн панельдерінің санын арттыру жоспарланып, баламалы энергия көздерін басқа мектептерге де енгізу ұсынылуда. Сонымен қатар, оқушылар тек теориялық біліммен шектелмей, өздерінің инновациялық идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Мәселен, Бисұлтан Бекқұлов электр станциясын жасанды интеллекттің көмегімен дамытуды ұсынды.
БИСҰЛТАН БЕКҚҰЛОВ, ШЫМКЕНТ-АБАЙ NIS МЕКТЕБІНІҢ 12-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ: «Жасанды интеллект күн сәулесінің қай жақтан түсетінін анықтап, баннерді автоматты түрде қажетті бағытқа бұрады. Бұл күн энергиясын барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді».
Бұл жобалар оқушыларға электр энергиясын үнемдеуге үйретіп, экологиялық білімін арттыруға септігін тигізуде. Өңірдегі 700-ден астам жас табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бағытында зерттеу жұмыстарымен айналысып жүр.
АҚМАРАЛ НӘЖМИДИН, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ «ЭКОЛОГИЯ, ӨЛКЕТАНУ ЖӘНЕ ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫ» БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: «Жасыл клуб» жобасы аясында оқушылар энергия үнемдеу, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және көгалдандыру бағытында зерттеу жұмыстарымен айналысады.Үздіктерді конкурстарға қатыстырып отырамыз».
Айта кетейік, мектеп оқушылары арасында экологиялық мәдениетті дамыту үшін жасыл клуб жасақталған. Және өткен жылы олардың ғылыми ізденістері мен зерттеу жұмыстары ұлттық байқада жүлделі 3ші орынға ие болған.
Ботакөз Әнуар






