Úı ANONS Нөсерден келген шығын өтеледі

Нөсерден келген шығын өтеледі

Түркістан облысының Төле би және Қазығұрт аудандарында нөсер жауыннан келген шығын өтелетін болды. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады. Қазіргі таңда арнайы комиссиялар шығын көлемін анықтап жатыр. Жергілікті билік тұрғындарға келтірілген залалды демеушілер есебінен өтеуді жоспарлап отыр.

 

Түркістан облысында толассыз жауған жауын салдарынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіледі. Әсіресе Төле би және Қазығұрт аудандарында нөсерден кейін бірнеше елді мекенді су басып, тұрғындарға айтарлықтай шығын келген. Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазіргі таңда арнайы комиссия оқиға орындарында жұмыс жүргізіп, нақты шығын көлемін есептеп жатыр. Әкімдік өкілдері шығын көлемі анықталғаннан кейін тұрғындарға қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

 

Ресми дерекке сәйкес, қазір апат болған аумақтарда жүзден аса маман күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Мамандар су сору, арық-атыздарды тазалау және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде жағдай тұрақталған. Қазығұрт ауданындағы Қыдыр Мәмбетұлы және Жіңішке ауылдарында бірнеше тұрғын үйдің ауласына жаңбыр суы кірген. Ал Төле би ауданында үш бірдей үйдің ауласын су басқан.

 

Облыс әкімдігі аймақтағы су нысандары мен өзен-көлдердің жағдайы тұрақты бақылауда екенін хабарлады. Қазіргі таңда жергілікті әкімдіктер мен төтенше жағдай қызметінің мамандары ахуалды толық бақылауға алған.

 

Еске салайық, жексенбі күні екі ауданда толассыз жауған нөсер тұрғындарды әбігерге салған еді. Нөсерден кейін сел жүріп, ондаған тұрғын үй мен ауланы, әлеуметтік нысандарды су басты. Лай аралас тасқын көшелерді шайып, кейбір тұрғындардың дүние-мүлкіне зақым келген. Тұрғындар мұны арық-атыздардың уақытылы тазаланбауы жағдайды күрделендірді деген. Соның салдарынан көпшілік айтарлықтай шығынға ұшырағандарын айтып, шағымданған.

Дилара Иса