«Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер баспанаға жарымай жүр»

192

Соңғы 3 жылда азаматтық қорғаныс саласының 1 473 қызметкері жұмыстан кеткен. Олардың қызметін ауыстыруына әлеуметтік жағдайы себеп болуы мүмкін деген жауаптылар үкімет сағатында азаматтық қорғау жүйесін дамыту мәселелерін талқылады.

Құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің 40 пайызы баспанаға мұқтаж. Осылай деген мәжіліс депутаты Мәди Ахметов өз өмірін қатерге тігіп жүрген мамандардың жағдайын түзеу үшін бюджеттен жыл сайын 8 млрд теңгеден аса қаржы бөлінуі керек екенін жеткізді. Өйткені азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлері үйсіздік салдарынан жұмыстан кетуге мәжбүр болады екен.

Мәди Ахметов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: «Мысалы, Алматы қаласында соңғы 4 жылда тек 9 қызметкер баспаналы болған. Қазіргі таңда алматылық жалпы құрамның 62 пайызы, яғни 855 адам үй мәселесін шеше алмай отыр. Оларда тіпті «Әскери баспана» бағдарламасына қатысу мүмкіндігі жоқ. Бұл өз кезегінде білікті мамандардың азаюына әкелуде. Соңғы 3 жылда азаматтық қорғаныс саласынан 1473 маманның қызметтен кетуінің басты себептерінің бірі үйсіздік «.

Үкімет сағатында құтқарушыларды зейнетке ерте шығару және жалақыларын көтеру мәселесі де талқыланды. Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, 63 жастағы адамға бұл қызмет қиындық тудырады. Сондықтан оларды азаматтық қорғаныс органдарының қатарына жұмысқа шақыруды көздеп отыр екен.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі: «Осылайша, зейнетке ерте шығу мәселесі де, әлеуметтік пакет және тағы басқа мәселелер шешіледі. Қазіргі кезде біз осыны экономика министрлігімен және қаржы министрлігімен пысықтап жатырмыз. Жоспарға сәйкес, зейнет жасына жеткендерді біртіндеп зейнетке шығарамыз, ал жаңадан келгендерге «погон» беріп отырамыз».

Алайда құтқарушылардың зейнет жасына оқу жылдары да қосылады. Бірақ зейнетақы мөлшері тым төмен болуы мүмкін. Себебі, жалақы мен зейнетақы жинағы көп емес. Осы мәселеге тоқталған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов, айтулы сала қызметкерлерінің жалақы мөлшерін екі есеге көбейту жоспарланып отырғанын жеткізді.

Ержан Біржанов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
«Мысалы, осы бастамаға 80-81 жылғы азаматтар іліксе, ынтымақты зейнетақыны да, базалық зейнетақыны да ала алмайды. Олар 44-45 жасында зейнетке шыққан жағдайда зейнетақысы өте төмен болады. Сондықтан қазіргі кезде олардың жалақысын екі есеге көбейту мәселесі қаралып жатыр. Осының арқасында зейнетақы қорына аударылатын жарналар да көбейеді».

Бірақ құтқарушылардың зейнет жасын төмендетсек, кеншілер және тағы басқа мамандар қалып қояды дейді жауаптылар. Салдарынан әлеуметтік наразылық туындайды. Сондықтан бұл мәселені кешенді түрде тереңірек қарастыру қажет деген тұжырым айтылды.

                                                                                                   Мөлдір Ибадуллаева