Шымкент: Вакцинацияланбаған 8 тұрғын індет жұқтырған

143

Екпе алу үрдісін тоқтатпау керек. Өйткені, Шымкентте соңғы тәулікте коранивирус жұқтырған 8 жағдай тіркелген, ал олардың ешбірі екпе қабылдамаған. Ал қаланың бас дәрігері мұндай көрсеткіш өткен 20 күннің ішінде болмағанын айтады. Толығырақ тілші тарқатады.

Шымкентте соңғы тәулікте коронавирус індетін жұқтырудың 8 жағдайы тіркелді. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позиловтың сөзінше, мұндай көрсеткіш желтоқсанда айында болмаған еді. Бұл тұрғындардың шектеу шараларына селқос қарауына байланысты болып отыр. Сондай-ақ, ауруханада қазіргі таңда 61 адам ем қабылдап жатса, оның 12-сі жансақтау бөлімінде ауыр халде.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Індет жұқтырған 8 адамның ешбірі екпе қабылдамаған. Бұл жағдай бізді алаңдатып отыр. Өйткені, осы айда мұндай көрсеткіш тіркелмеген еді. Енді аталмыш жайттың алдын алу мақсатында жұмыстар атқарып жатырмыз».

Қаланың бас дәрігері файзер вакцинасына да тоқталды. Айтуынша, екпені ақылы түрде алғысы келетіндер тағы біршама уақыт күте тұруына тура келеді. Денсаулық сақтау министрлігінде осы тұрғыда келіссөздер жүргізіліп жатыр екен. Ал әзірге файзер тек балалар мен аяғы ауыр әйелдерге ғана салынады.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:  «Бүгінгі таңда файзер екпесінің 46 мың дозасы бар, жақын күндері тағы 169 000-ы келуі керек. Бүгінгі таңда 10 мыңнан астам адам осы вакцинаны салдырып отыр».

Брифинг барысында ревакцинация мәселесі де шет қалған жоқ. Шымкенттің өзінде қазір 15 мыңға жуық адам қайта екпе алу кезеңінен өтіп үлгерген. Ал Еуропаны дүр сілкіндірген омикрон штамы да үрей тудырып жатқандықтан, ақ халаттылар сақтық шараларын барынша ұстануға шақырады.

Әлихан Файзханов