«Шымкентте жанар-жағармай жоқ»: Жүргізушілер шағымданды

62

Шымкентте Аи 95-96 маркалы бензин тапшы. Мегаполистегі кейбір жанармай құю бекеттерінде аталмыш бензин бағасының литрі 205 теңге деп көрсетілген.

Алайда олар тек 92 ғана бар деп жауап береді. Ал себебін ешкім нақты айта алмай отыр.

Шымкент тұрғыны Галина Троцан бүгін Аи-95 маркалы бензинді таппай әуре-сарсаңға түсіпті. Көлігіне тек 95 жанармайын құятын ол бірнеше бекетті аралап, ақыры таба алмадым дейді. Амалдың жоқтығынан бірнеше жерге жаяу баруға тура келіпті.

Галина Троцан, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен таңертең 3 жанармай құю бекетіне бардым. Ешқайсысында Аи-95 жоқ. Ал 92 қолдану көлікке зақым келтіреді. Моторын құртады. Мүлде құюға болмайды. Ал менде бензин нольге жақындады. Не істерімді білмеймін».

Тұрғындар айтқан мегаполистің бірнеше жанармай құю бекетіне барып көрдік. Онда аталмыш бензин бағасы 205 теңге деп көрсетілгенімен, сатылымда тек Аи-92 маркалы бензиннен басқасы жоқ дейді. Ал себебін сұрасақ нақты жауап бере алмады.

«Аи-95 бар ма?
-Жоқ, тек Аи-92 ғана бар. Басқа ешқайсысы жоқ»,-дейді бекет қызметкері.

Өзге жанармай құю бекетінің қызметкері болса, алғашында Аи-95 жоқ екенін айтқанымен, камераның алдында жауабын өзгертіп, бізде барлығы жеткілікті деп қысқа қайырды.

«Бар ғой, бар бізде. Аи-95 те, 96- да бар.

-Жаңа ғана жоқ дедіңіз ғой..
-Жоқ бар бәрі. Дизель де, бензин де бар».

Ал, Аи-95 маркалы бензині бар жанар-жағармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек. Шымкент тұрғындары бензин бағасы тағы да қымбаттайды деп қауіптеніп отыр. Бұл газ бен дизель отынына да қатысты болуы мүмкін.

                                                                                          Мөлдір Ибадуллаева