«Шымкенттік журналистер Қазақстандағы өзге БАҚ өкілдеріне үлгі»

247

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай БАҚ өкілдері марапатталды. Салтанатты рәсімге арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Шымкенттік журналистердің Қазақстандағы өзге БАҚ өкілдеріне үлгі екенін атап өтті. Шарада бірқатар журналистика саласының мамандары «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай қала әкімінің алғыс хатымен бақ өкілдері марапатталды. Өңір басшысының бірінші орынбасары халық пен билік арасындағы алтын көпір болып жүрген журналистерді айтулы мерекемен құттықтап, қаланың өркендеуі жолында қосқан үлесі сүбелі екендігін атап өтті.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Журналистер үлкен жауапкершілік арқалап келе жатыр. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 200-ден аса БАҚ тіркелген. Атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа жіберіп, хылқтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп, алтын көпір болып келе жатқан журналистер».

Лаура Нахыпқызының журналистика саласында қызмет етіп жүргеніне 10 жылдан асты. Қазір денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы қызметінде жүрген ол халық үшін атқарылып жатқан еңбектің еленіп жатқаны күш-қуат береді дейді.

Лаура Нахыпқызы, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы: «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Шымкент қаласы әкімі М.Әйтеновтың атынан құрметке бөленіп отырмыз, үлкен алғыс айтамыз. Бұл жалғыз менің емес, қазақ журналистикасының еңбегі. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тарихи мерекемен барша қазақстандықтарды құттықтаймын!».

Қала әкімінің алғыс хатымен «Отырар» медиахолдингінің қызметкерлері де марапатталды. Олардың қатарында телеарна журналистері Шынар Оразова, Жанерке Хумар және телеоператор Аманкелді Әуелбеков бар. Алғысқа бөленген журналистер шымкенттіктерді мерекесімен құттықтады.

Жанерке Хумар, «Отырар» телеарнасының журналисі: «Барша қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен құттықтаймын. Тек қана жақсылық болсын, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Еңбек ескеріліп жатқанына қуаныштымыз!».

Айта кетейік, шара барысында бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Гүлдана Дәурен