Шымкент қалалық Полиция департаменті, Жергілікті полиция басқармасының бастығы Мұхтар Бұхарбаевқа қатысты тағы да шу шықты. Бұл жолы полиция полковнигінің үстінен шағым түсірген қызметкері Президент пен Ішкі істер министрінен араша сұрап отыр.
Полиция офицері, рота командирі бүкіл дәлелдерді ұсынса да іс созылып жатқанын, ал бастығы әлі де қызмет орнында екенін алға тартқан. Әлдекімдер шағымды кері қайтарып алу үшін 10 миллион теңге ұсыныпты, деп хабарлайды Экспресс К.
Рота командирінің видеоүндеуін журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-каналында жариялады.
Бейнежазбада өзін офицер деп таныстырған полицей Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрінен көмек сұрайтынын айтады. Оның мәліметінше, Шымкент қалалық Полиция департаментіне қарасты Жергілікті полиция басқармасының бастығы лауазымын асыра пайдалана отырып, қымбат сыйлықтарды алып келген.
«Мен ІІІМ-ге Жергілікті полиция басқармасының бастығы Мұхтар Бұхарбаев лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалана отырып өзіне қымбат сыйлық алуға мәжбүрлеп келгені туралы шағым түсіргенмін. Тергеуге дәлелдерімді де ұсындым. Алайда соған қарамастан Мұхтар Бұхарбаев әлі күнге дейін қызмет орнында. Бұны қалай түсінуге болады? Іс Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қалалық департаментіне өтсе де әлі күнге дейін созылып жатыр»,-дейді полицей.
Ең қызығы енді тәртіп сақшысына әлдекімдер келіп, шағымын кері қайтарып алуы үшін қомақты қаржы ұсыныпты.
«Белгісіз адамдар маған келіп, арызды қайтарып алуым үшін 10 миллион теңге ұсынып жатыр. Алайда мен міндетіме адал полиция қызметкерімін. Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов мұндай қызметкерін неге әлі күнге дейін орнында ұстап отыр? Құрметті Президент! Мен барлық тәртіп сақшылары халыққа және Сізге адал қызмет еткенін қалаймын. Маған көмек беруіңізді сұраймын»,-дейді ол.
Қалалық Полиция департаментіндегілер полковниктің әлі қызметінде екенін жоққа шығармады.
«Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Мұхтар Бұхарбаевқа қатысты тергеу жүргізілуде. Бүгінгі таңда оны атқарып отырған лауазымынан босату жөнінде Ішкі істер министрлігіне ұсыныс жолданғанын хабарлаймыз»,-деді Шымкент қалалық Полиция департаментіндегілер.
Экспресс К бұған дейін полиция полковнигіне қатысты мақала жазды. Онда желіде тараған жазбалардың скрин фотосында көрсетілген байланыс нөмерлерінің бірі полиция полковнигіне тиесілі екені айтылды.
Экспресс К редакциясы бұл бойынша Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдаған болатын. Ведомствадағылар полиция полковнигі Мұхтар Бұхарбаевтың тергеліп жатқанын растады.