Азық-түлік тауарларының бағасы тұрақты

314

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеуді енгізген тапсырмасына сәйкес, Шымкентте тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Осы мақсатта әкімшілік нарықтағы бағаның ауытқымай, бірқалыпты тұруы үшін апта сайын тексеріс жүргізіп отыратын болады. Тіпті тұрғындар да сауда орындарында баға өсімін байқаса, шағымдарын айта алады.

Шымкентте азық-түлік тауарларының құны тұрақты болып қала береді. Әлеуметтік маңызы бар өнімдерінің бағасына апта сайын қала әкімдігі мониторинг жүргізіп отырады. Бағаны бірқалыпты ұстау мақсатында жергілікті бюджеттен 7,7 млрд. теңге бөлінген. Ал жеңілдетілген әлеуметтік тауарға 19 позиция кіреді. Егер де сауда желілері осы тауарлардың нарқын шекті бағадан асырып жіберсе, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

Айбек Сәттібаев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Бізде 2 факті анықталды. Біз, біріншіден, тәртіп бойынша ескерту жолдаймыз. Екіншіден, көтеретін болса, айыппұл береміз. Одан тағы бүзатын болса тәртіпті, одан жоғары айыппұлдар салатын болады. Әлеуметтік тауарға жеміс-жидек, картоп, сәбіз, қырыққабат, сосын ет бар және де сүтті тағамдар бар, күріш, жұмыртқа осы тауарлар 19 позицияға кіреді».

«Сауда қызметін реттеу туралы» Заңға сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына көтерме сауда арқылы берушінің сатып алу бағасының 15 пайызынан асырмауы тиіс. Тұтынушылар сауда орындарында тауардың қымбаттағанын байқаса, ауыл шаруашылық басқармасына шағым түсіре алады. Қала әкімінің орынбасары қандай жағдай болмасын, тауардың бағасы бірқалыпты болады деп сендірді.

Айбек Сәттібаев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Баға тұрақты ұсталынып тұр, өйткені өткен жылдан бері бұл жұмыс жүйелі түрде келе жатыр ғой. Бұл тек сату ғана емес, қаламызға тауарлар да келуі керек. Сол бойынша оның бәрі қатаң бақылауға алынып, жұмыс атқарылып жатыр. Осы жағдайдың өзінде де баға тұрақты ұсталынып отыр».

Сауда орындарына келген қала тұрғындары бағаның тиімді екенін айтады. Олар жаңа жылдан кейін тауардың құны шарықтай түседі сөздің жоққа шыққанына қуанышты.

Жұлдыз Жүзібаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бәрі жақсы, өте бағалары жақсы, «Грамад» ашылғанына қуанамыз біз негізі. Базармен салыстырғанда жақсы, негізі базарда қосады деп ойлаймын. Мынау ценалары кішкене арзандау боп тұрады, базарға қарағанда, қолжетімді да. Сол бірқалыпты тұрады бағалары».

Мен Президентімізге, басшылыққа сенемін. Азық-түлік қоры жеткілікті екенін сенімдімін. Қорқып, дүрбелеңге түсудің қажеті жоқ. Бәрі жақсы болады.

Жауаптылар елімізде енгізілген төтенше жағдай режимі кезінде базар нарқынан төмен бағада сатылатын жәрмеңкелердің жұмыс істемейтіндігін ескертеді. Ал жалпы қалада азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті, тапшылық еш жерде байқалмайды.

Әлихан Файзханов