«Бағаны тұрақтандыру үшін алыпсатарларға бақылауды күшейту қажет»»

172

Шымкентте әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу шаралары жалғасуда. Осы мақсатта арнайы құрылған мониторингтік топтар қаладағы дүкендердегі баға тұрақтылығын қадағалау бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Үкіметтің азық-түлік құнының шарықтауына жол бермеу міндеттемесін жергілікті мамандар қаншалықты орындап отыр?

Үкіметтің алып-сатарларға азық-түлік пен тауар құнын негізсіз өсіруге жол бермейміз деген мәлімдемесіне көп уақыт өте қойған жоқ. Осы мақсатта Премьер-министр Әлихан Смайылов әсіресе өңір әкімдеріне бағаға бақылауды күшейтуді тапсырған еді. Осыған сәйкес Шымкентте мониторинг топтар күнделікті шағын дүкендер мен сауда желілеріндегі баға тұрақтылығын зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Олар тұрғындардың көп жағдайда тауарлардың бағасын үй жанындағы кішкентай дүкендер көтереді деген шағымын ескеріп, рейд жасап жатыр. Өз кезегінде сатушылар бағаны 15 пайыздық сауда үстемесінен асырып жатқан жоқпыз дейді.

Ұлбосын Наурызбаева, сатушы: «Әлеуметтік маңызы бар тауарларға 15 пайыз қойылады. Шектік баға бекітілген. Ешқандай тапшылық жоқ, барлығы жеткілікті».

Сауда желілерінің әкімшілігі тауардың қымбат болуы оның шетелден алып келуімен байланыстырады. Ал өзіміздің отандық өнімдердің бағасы бірқалыпты көрінеді. Сондай-ақ, арадағы делдалдық жүйеге тексерістің назарда болмауы, азық-түлік құнының шарықтауына әкеледі дейді жауаптылар.

Әбунасыр Жанбатыров, Шымкент қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқарма басшысының орынбасары: «Делдалдық схемаларды қарау комиссиясы арнайы құрылған. Осындай жағдай егер де мынау тауар өндіруші жағынан болатын болса, бәсекелестікті қорғау департамент өкілі бар, ол тауар өндірушмен бірге негізсіз өсіруін, өсірген жағдайда оған тексеру жүргізетін болады».

Қала тұрғындарының азық-түлік бағасына қатысты пікірлері әр түрлі. Кейбірі тауарлардың құны күн сайын қымбаттап жатыр десе, енді бірі тұрақты түрде бір орыннан сауда жасаған соң, бағаның шарықтағаны байқалмайды дейді.

Егер сіз азық-түлік пен тұрмысқа қажетті тауарлардың әдеттегіден қымбатқа сатылып жатқанын байқасаңыз, бірден қоңырау шалып, шағым айта аласыз. Ондай ақшаға құныққан кәсіпкерлерді бірден монополияға қарсы және салық қызметкерлері тексеріп, шара қолданатын болады. Сауда желілеріндегі баға саясатын реттеу үшін жедел желі іске қосылған.

Алихан Файзханов