«Маңызды қауіпті байқамады». ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс отырысында Ұлттық қауіпсіздік комитетін сынға алды. Айтуынша, олар елде орын алған бүлік кезінде борышына тиісті деңгейде атқара алмаған. Президент сонымен қатар, кеудесін оққа тосқан құқық қорғау орган өкілдері мен «Ұлттық ұлан» қызметкерлерінің санын арттырып, жағдайын жақсарту қажет деді.
«Кейбір қызметкерлер бүлік кезінде отан алдындағы борышына адал болмады». Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚК-н сынға алды. Сөзінше олар елдегі жаппай тәртіпсіздік кезінде бас сауғалап қаша жөнелген. Әрі департаментте құпия құжаттар мен қаруларды қалдырып кеткен көрінеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: “Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Қорғаныс министрлігі мен мемлекеттік қызметтегі әскерилер абыроймен көзге түсті. Дегенмен бәрі де бірдей өзінің борышына адалдық танытпады. Кейбір қалаларда Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылары жеткілікті әскери арсенал болғанына қарамастан, қару мен құпия құжаттар сақталған қызметтік ғимараттарды қорғамай, бас сауғалап қашып кетті».
Ел Президенті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұзақылаққа ешқандай баға бере алмай отырғанын да атап өтті. Сондай-ақ, Тоқаев бұған дейін бұрынғы комитет басшысы Кәрім Мәсімовті қызметінен босатқан еді. Кейіннен Мәсімов қамауға алынды деген хабар тарады. Ал қазіргі таңда айтулы азаматқа қатысты мемлекетке опасыздық жасау дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі бойынша соталды тергеу басталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Жыл басынан бері болған барлық жағдай бір тізбектің тармақтары деуге толық негіз бар. Ашығын айтсақ, бұл бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдықтың көрінісі. Олардың көздегені — өздерінің қатыгез пиғылдарын іске асыру болғаны айдан анық. Ұлттық қауіпсіздік кеңесі уәкілетті орган ретінде бұл іріткіге нақты баға бере алмады және бергісі де келмеді. Ұлттық қауіпсіздікке төнген маңызды қауіпті байқамады».
«Ал ел басына күн туған сәтте отанына адал, антына берік берік бола білген қызметкерлердің жалақысын көтеру керек», деді президент. Сондай-ақ мемлекет басшысы құқық қорғау орган өкілдері мен «Ұлттық ұланның» арнайы жасақтарының санын көбейту қажет деді. Әрі алдағы уақытта шекара шебін нығайту маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Ішкі істер министрлігі мен «Ұлттық ұланның» арнайы жасақтарының санын көбейту, жауынгерлік әзірлік деңгейін арттыру, қажетті арнайы көліктермен жабдықтау, барлық құқық қорғау органдарының арнайы жасақтары қызметкерлерінің жалақысын көтеру керек. Біз сарбаздарды, әскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін әскери-көлік авиациясы паркін толықтыру ісін қолға аламыз. Көші-қон, соның ішінде ішкі көші-қон саласын тәртіпке келтіретін кез келді. Қару-жарақ айналымын мұқият тексеріп, оны заң тұрғысынан реттеу қажет».
Сондай-ақ, ел президенті ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің негізгі миссиясы аяқталғанын, екі күннен кейін олардың әскері біртіндеп елден шығарыла бастайтынын мәлімдеді. Контингентті шығару процесі он күннен аспайды екен.
Айта кетейік, 5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев құрамына Қазақстан да кіретін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан көмек сұраған еді.
Мөлдір Ибадуллаева