Úı ANONS ҰҚК «Кропальді» ұстады

ҰҚК «Кропальді» ұстады

Кеше әлеуметтік желіде қылмыс әлемінде «Кропаль» лақап атымен танылған 40 жастағы Асылбек Төлетпековтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Ал бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен қалалық прокуратура Алматыда қылмыстық ортаның өкілін құрықтағанын мәлімдеді. Ол «аса ірі көлемде қорқытып алушылық жасады» деген күдікке ілінген. Әзірге оның үстінен кім немесе кімдер шағымданғаны белгісіз. 

«2026 жылғы 2 ақпанда Алматы қаласында ҰҚК Шымкент қаласы бойынша департаменті қалалық прокуратураның үйлестіруімен «Т» қылмыстық ортаның өкілін ұстады. Көрсетілген адам аса ірі көлемде қорқытып алушылық жасады деп күдіктелуде.Ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалды»

ҰҚК БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Ресми мәліметке қарағанда, қаңтар айында дәл осы іс аясында Шымкентте күдіктінің екі сыбайласының заңсыз әрекеті тоқтатылған. Қылмыстық әрекетке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған. Комитет тергеу амалдарына байланысты өзге ақпараттар жариялауға жатпайтынын мәлімдеді.

Ашық дереккөздерге қарағанда, Асылбек Төлетпеков әр жылдары түрлі баппен істі болған. Оның ішінде «бұзақылық», «ұрлық», «заңсыз қару сақтау» бабы бар. Бұл істер сотқа жетіп, әртүрлі жаза тағайындалған. Ол жазасын түрмеде өтеп шыққан.

Дилара Иса