Елдегі эпидемиологиялық ахуал күрт нашарлады. Бұл туралы үкімет отырысында баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Айтуынша, соңғы екі аптада елдегі аурушаңдық деңгейі 2,8 есеге өскен. Әрі «қызыл» аймақтағы өңірлер саны да артуда.
«Қазақстанда соңғы екі аптада ковидке шалдығу көрсеткіші 41 пайызға артты». Осылай деген денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өткен тәулікте 4 810 адамның короновирус жұқтырғанын мәлімдеді. Бұл көрсеткіш бір күн алдынғы жұқтырғандар санымен салыстырғанда шамамен екі есеге жоғары. Сондай-ақ, бүгінде эпид жағдайды бағалау матрицасы бойынша еліміздің 4 өңірі «қызыл» белдеуде тұр.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Бүгінгі таңда 14 мыңнан астам инфекциялық төсек орындарда медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Ал елімізде қосымша 50 мыңға дейін ашуға мүмкіндік бар. Егер ауру ушығатын болса. 3 мыңнан астам адам ем алуда. Қалыптасып отырған эпид ахуалды ескере отырып ел ішінде де, мемлекеттік шекарада да қосымша шектеу шаралары енгізілетін болады».
Ал, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге ПТР-тестілеу санын ұлғайтуды, дәрі-дәрмек пен медициналық құралдардың жеткілікті болуын қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ, жедел мониторинг жүргізіліп, медицина қызметкерлері мен ауруханалардың дайындығын тексеру керек деді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер Министрі: «Үйде медициналық көмек көрсету үшін мобильді бригадалардың жұмысын жандандырып, оларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қажет, сонымен қатар дәріханаларда дәрі-дәрмектің тапшылығына жол бермеу шараларын қабылдау қажет».
Ақ халаттылар қазақстандықтарға халық көп жиналатын орындарға барудан бас тартуды, ұжымдық іс-шараларды өткізбеуге және ондай жиындарға қатыспауға шақырды.
Мөлдір Ибадуллаева