Úı ANONS «Лай су ішіп отырмыз:» Леңгір қаласының тұрғындары дабыл қақты

«Лай су ішіп отырмыз:» Леңгір қаласының тұрғындары дабыл қақты

Леңгір қаласының тұрғындары, ауызсудың проблемасын шешуді талап етіп, әкімдікке барды.  Олар жергілікті биліктен мәселені жедел реттеп, сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп беруді сұрады.  Әкімдік судың сапасы нашарлап, лайланғанын жоққа шығармайды. Жағдай бақылауға алынғанын айтады. Тараптардың сөзін Отырар телеарнасының түсірілім тобы тыңдап қайтты.

Леңгір қаласында ауыз су тағы лайланды. Қала тұрғындарының айтуынша, бұл бірінші жағдай емес. Жылдар бойы ауыз судың сапасына шағымданғанымен нәтиже жоқ.  Ал мұндай суды ішу қауіпті. Асқазан-ішек ауруы мен бүйрекке зиян. Соңғы уақытта дәл осы аурумен шағымданушылар көбейген.  Лас суды ішуден шаршаған тұрғындар демалыс күні  әкімдікке жиналды.

МАРИНА ЧЕРЕВКО,  ЛЕҢГІР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Сараптама қорытындысына қарағанда, бұл суды ішу мүмкін емес. Құрамында микроб  бар. Мамандар оның кейбірі денсаулыққа ғана емес, адам өміріне қауіпті екенін айтты. Бәріміздің бала-шағамыз бар»

Леңгір қаласының әкімі Мақсат Жұмабаев ауыз су мәселесі өзекті екенін жоққа шығармайды. Айтуынша, бұл көп жылдан бері қордаланған мәселе. Бұрын қалаға бұлақтан су жеткізілсе, енді ұңғыма қазылған. Соның өзі бұзылып, суға лай қосылған.

МАҚСАТ ЖҰМАБАЕВ, ЛЕҢГІР ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: «3 КҮННЕН БЕРІ СУ ЛАЙЛАНЫП ЖАТЫР. Иә, оны мойындаймыз. Оның себебі Достықтан келетін біздің құбыр жарылып, жөндеу жүрді, қайта қосқанда лайланды».

Әкімнің сөзінше, 2-3 айдан соң күн жылынғанда құбыр тазаланады. Оны Леңгір су мекемесі істейді. Содан кейін лайланған ауыз су мәселесі шешіледі.  Десе де жазда су тапшылығы болады.  Себебе егін суғару басталады.  Ресми мәлімет бойынша, магистральды су желісінде 2 ақау анықталған. Оған қоса «Достық» ұңғымасында сорғы станца істен шыққан. Қазір ақаудың бәрі жөнделген.  Жергілікті су арнасының өкілдері бұл уақытша қиындық  деп сендіреді.

ЕРБОЛ ТАНТЫСБАЕВ, СУ АРНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Биылдан бастап су толығымен жаңа ұңғымалардан беріліп жатыр. Бұрын құбырлар жылдар бойы сүзгісіз жұмыс істеген еді. Апаттық ажыратулар кезінде лай су келетін. Сорғы  ауыстырғанда немесе құбыр жарылғанда суды уақытша тоқтатамыз. Ақау жойылған соң, құбыр ішіндегі алғашқы су міндетті түрде лай болып шығады»

Жаңа ұңғымаларды бұрғылау мен құбыр тарту жұмысына бюджеттен 197 миллион теңге бөлінген. Бұрын қараусыз қалған су алу нысаны бүгінде стратегиялық маңызы бар, бейнебақылау мен күзетке алынған объектіге айналған. Екі ай бұрын іске қосылған су алу станциясы толықтай автоматтандырылған. Сорғы  жұмысы мен барлық көрсеткіштерді мамандар онлайн режимде бақылай алады».

«Міне, насос қалай су айдап жатқанын қараңыздар, қазір қысым қанша бар көрсетіп тұр. Енді тұрғындарда лай су мәселесі болмай ма? — Болмайды. Міне, ампераж көрсеткіш»

Ленгер тұрғындары берілген уәделер орындалады деп сеніп отыр. Олар  сапалы әрі таза ауызсу ішеміз деп үміттенеді.

Дилара Иса