Covid-19: Жүкті әйелдерді емдеуге арналған стационар ашылды

157

Шымкентте коронавирус жұқтырған жүкті әйелдерді емдеуге арналған инфекциялық стационар ашылды. 100 орынға лайықталған емдеу мекемесінде қазір 22 науқас ем алуда. Ал қалада соңғы тәулікте вирус жұқтырған 343 тұрғын тіркелген.

Жаңадан босанған бұл жас аналардан коронавирус инфекциясы анықталған. Сондықтан инфекцияға шалдыққан емізулі әйелдер перзентханадан кейін үйіне жіберілмей осындағы стационарда сәбиімен бірге ем қабылдауда. Дегенмен, мамандардың айтуынша ковид балаларға жұқпаған.

Асқар Рахматалиев, Шымкент қалалық №2 аурухананың бас дәрігері: «Соңғы екі күннің ішінде стационарда 22 науқас жатыр. Оның 13-і босанған аналар, қалғандары жүкті әйелдер. Науқастарды емдеу үшін аппараттар орнатылған. Қазір мұнда қажеттінің барлығы бар».

Жүкті әйелдер мен баларды инфекциядан қорғаудың тиімді жолы вакцинация дейді мамандар. Осыны ескерген қала тұрғыны  Баян-Сұлу Байғали бүгін тіркелген емханасына келіп Файзер вакцинасын салдырды. Екпе жасатқан әйел қазір жүктіліктің 26-шы аптасында.

Баян-Сұлу Байғали, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бұдан алты ай бұрын да вакцина салдырғанмын. Енді міне бүгін үшінші рет келіп вакцина салдырудамын. Баламның және өзімнің денсаулығым үшін».

Ал қалада ауру жұқтырғандар саны күннен күнге артып, эпиджағдай ушығып барады . Қазір ковид жұқтырған 2 232 науқас емделіп жатыр, оның ішінде стационарда 279 науқас, 1953 науқас үй жағдайында ем қабылдауда. Өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 343 жағдайы тіркелген.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Қазір жансақтау бөлімінде 26 науқас жатыр. Олардың тең жартысы ИВЛ аппаратта. Өкінішке қарай, олардың көбісі вакцина салдырмаған. Созылмалы аууры бар науқастарға айтарымыз вакцина салдырыңыздар. Өйткені қосымша ауруы бар науқастарда коронавирус ауыр өтеді».

Медицина мамандарының сөзінше, қалада “Омикрон” штамы тіркелмеген. Арнайы сараптамалар жүріп жатыр. Ал эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сүйенетін болсақ Шымкент қаласы «қызыл» аймақта.

Лаура Нахыпқызы