Шымкентте 12 жасар бала көлік жөндеп жүр

223

Шымкентте көлік жөндейтін 12 жасар шебер жұмыс істейді. Бос уақытын әкесінің шеберханасында өткізетін Самандар Гайратов 2 жылдан бері темір тұлпардың электр бөлігін жөндеумен айналысады. Жас шебердің қолынан тағы не келеді?

12 жасар Самандар Гайратов 2 жылдан бері көліктің электр бөлігін өзі жөндейді. Жас шеберге күніне кемінде 2-3 адам көлігін тексеріп беруге өтініш жасайды екен. Жасөспірімнің тіпті тұрақты тұтынушылары да бар. Бос уақытын әкесінің жұмыс орнында өткізетін ол, сабақ үлгерімінің де жақсы екенін айтады.

Осы маңайдағы тұрғындар темір тұлпарынан бір ақау байқаса 12 жасар баланың көмегіне жүгінеді. Бірі көлігі оталмай қалса, енді бірі жарығы жанбай қалса келеді. Ал мына машинаның иесі көлігіне акустикалық колонка орнату үшін келіпті.

Самандар Гайратов, автоэлектрик: «Машинаға буфер қою керек, колонка. Дауыс қатты ұруы үшін. Мына екі көк сымды магнитофонның артына жалғаймыз, қызыл сымды аккумуляторға тартамыз».

Әділет Тұрдыхан Самандардың тұрақты клиенті. Айтуынша, жас шебер тіпті жүрмей тұрған көлікті сүйреп әкелген кезде де жүргізіп берген екен.

Әділет Тұрдыхан, Шымкент қаласының тұрғыны: «Ашылғаннан бері келем ғой. Жақсы істейді, колонка жалғайды, электрик жағынан, жаңағы стартері бәрін көре береді. Осы бала істеп береді маған. Тек осыған келемін, осы бала жақсы істейді, сол үшін тек осыған келемін. Оталмай қалған кезде оталдырып береді. Сүйреп әкеліп тастаймын, оталдырып жібереді ғой».

Ұлының қызығушылығын байқаған әкесі Самандарды бұл кәсіпке 6 жасынан бастап баулыған екен. Данияр Юнусовтың өзі де осы салада 20 жылдан бері қызмет етіп келеді. Айтуынша, аталары да автоэлектрик болған екен.

Данияр Юнусов, әкесі: «Бұл жұмыс бізге негізінен әкемізден келеді. Әкем де автоэлектрик болып істеген, қазірге дейін жұмыста. Енді осы салаға баламды да үйретіп жатырмын.  Мен де Самандар сияқты жас кезімнен 10-12 жасымнан бастап, осы жұмыстамыз».

Әрине, Самандар жөндеген көлікті әкесі міндетті түрде тексеріп шығады. Дегенмен, оның айтуынша әлі бірде-бір қателік болмаған екен. Ол ұлының алдағы уақытта осы салада тәжірибесін шыңдап, өз ісінің шебері боларына сенімдімін дейді.

Гүлдана Дәурен