Қазгидрометтің хабарлауынша, Шымкент қаласында 2022 жылдың 19 қаңтарында жаңбыр мен қар түрінде қатты жауын-шашын туралы ескерту жарияланды. 19 қаңтарда таңертең нөсер жаңбыр жауып, оның салдары қаланың көшелерін, үйлердің аулаларын су басуына әкелді.
Шымкент қаласы ТЖ департаментімен жаңбыр суын шығару жұмыстарын үйлестіру бойынша Дағдарыс орталығында жедел штаб құрылды. Департаменттің өрт сөндіру бөлімшелерінің мобильді топтары көтерілді. Гарнизон бойынша кезекшілікке жеке құрамның 146 адамы түсті, 43 бірлік техника жұмылдырылды.
Департаменттің жаңбыр суларын сору жұмыстарын жүргізуге арналған күштері мен құралдары Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау, Абай аудандарында шоғырланған.
ТЖД күшімен барлығы 34 учаскеде жұмыс жүргізілді, жеке құрамнан 138 адам тартылды, 34 бірлік техника, 35 мотопомпа жұмылдырылды. Жергілікті атқарушы органдардың күшімен 22 учаскеде жұмыс жүргізілді, онда 20 бірлік техника, 12 мотопомпа, жеке құрамның 139 адамы жұмылдырылды.
Кешке қарай барлық учаскелерде жұмыстар аяқталды. Төтенше жағдайлар департаменті мен қала әкімдігінің бірлескен күштері мен құралдарымен барлығы 2000 текше метрге жуық су шығарылды.