Шымкенттегі зауыт жылына 24 млн. жұп шұлық шығарады

268

Шымкентте жыл сайын 24 млн. жұп шұлық шығаратын зауыт жұмыс істейді. Серіктестік «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Әртүрлі дизайндағы шұлықтар дайындайтын өндіріс орны тауардың басым бөлігін шетелге экспорттайды. Аталмыш зауытты алдағы уақытта Еуропалық стандарттарға сай әлемдік брендке айналдыру жоспарланып отыр.

Шымкенттегі «Алем БТ» зауыты еліміздегі шұлық шығаратын жалғыз кәсіпорын. Мұнда тәулігіне 60 мың, ал жылына 24 млн. жұп шұлық шығарылады. Зауыт Оңтүстік Корея технологиясы бойынша салынған. Бұл өз кезегінде отандық және шетелдік нарықта жоғары сұранысқа ие сапалы шұлық өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді.

Арайлым Арабек, «Алем БТ» зауытының қызметкері: «Мысалыға 1 сменада мына жәшіктің ішіне 12 дана шығарамыз да, өйткені 12-ден салынады. Барлығы 14 станок беріледі, соның әрқайсысынан 100, 102 шығарылады».

Зауыт 2015 жылы іске қосылған. Өндіріс ошағында 250 адам тұрақты түрде жұмыс істейді. Олар әр түрлі дизайндағы шұлықтар шығарады. Бағасы да қолжетімді. Кәсіпорын басшысы, әсіресе, шет мемлекеттерден өнімге деген қызығушылық жоғары дейді. Қазіргі таңда зауыттағы 90 пайыз өнім экспортқа шығады.

Асан Балабиев, «Алем БТ» зауытының директоры: «Біздің өнімдердің басты тұтынушысы көрші Ресей мен Италия мемлекеттері. Сондай-ақ, Қазақстанның кез келген нүктесінде орындарымыз бар. Бізбен серіктестікте істесіп жатқан кәсіпкерлер тауарды көтерме бағада сатып алып, еліміздің түкпір-түкпіріне жеткізуде».

Аталмыш зауыт «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Осы уақытқа дейін мұнда 30 инвестициялық жоба жүзеге асқан.

Ерболат Сариев, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы басқарма төрағасының орынбасары: «Бұл инвестициялық жобалараға құйылған инвестицияның құны 55 млрд-қа жақындады. Бұл кәсіпорындардың аясында 2600-ге жуық жұмыс орын құрылған. Жалпы өндіріс көлемі 2010 жылдан бері қарай 102 млрд. теңгеге жетіп отыр. Бұл тауарлардың 60 пайызы, яғни 60 млрдтан. сәл асатын көлемі экспортқа шығарылады».

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы 2018 жылы жеңіл өнеркәсіп саласына басымдық берді. Кейіннен мұнай-химия және машина өңдеу салалары қосылып, ауқымын кеңейтіп келеді. Болашақта тағы 22 инвестициялық жоба жүзеге асады деп жоспарлануда.

Әлихан Файызхан