Оңтүстікте жылына 16 млн жұп шұлық шығаратын фабрика іске қосылды

362
Телекөпір

Қазақстанда ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен жалпыұлттық телекөпір өткізілді. Аталған шара барысында мемлекет басшысы бүкіл республика бойынша 18 жаңа өндірісті іске қосты. Соның бірі – Оңтүстік Қазақстан облысындағы шұлық бұйымдарын шығаратын «Әлем БТ» фабрикасы.

Телекөпір

Елбасы іске қосуға рұқсат берген соң фабрика салтанатты түрде алғашқы өнімін шығарды. Индустрияландыру картасы шеңберінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында іске қосылған кәсіпорынның президенті Қ.Балабиевтің айтуынша, мұндағы құрал-жабдық Оңтүстік Кореяның заманауи технологиясы негізінде жұмыс істейді. Жылына 16 млн жұп шұлық бұйымдарын өндіруге қауқарлы фабриканы іске қосу үшін 2 млрд теңге инвестиция тартылған.

Кәсіпорын жобалық қуаттылыққа шыққан жағдайда фабрикада шамамен 400 адам жұмыс істейтін болады. Айта кетейік, аталған аймақта 23 жоба мақұлданып, 10 жоба іске асырылып отыр. Оның екі жобасы бүгінде іске қосылған. Олар – осы «Әлем БТ» ЖШС мен «Бал Текстиль» ЖШС-нің екінші кезеңі.

Сонымен қатар бүгінде арнайы аймақта 4 жобаның құрылысы жүргізілуде. Аталған жобалар индустрияландыру картасы аясында іске асырылады.

Салтанатты жиынға қатысқан өңір басшысы облыста индустрияландыру картасына құны 869 млрд теңгені құрайтын 115 жоба енгізіліп, 20 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып жатқанын айтты.

Биыл бағдарлама аясында 42,4 млрд теңге инвестиция игеріліп, 23 жобаның құрылысы аяқталды, – деді облыс әкімі. – Бұл – республика бойынша биыл іске қосылатын жобалардың 1/6 бөлігі. Бүгінгі күнде 10 жоба толық іске қосылды. Қалған 13 жоба жыл соңына дейін іске асырылып, нәтижесінде 2 358 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Бірінші бесжылдықта іске қосылған 137 жобаның 94 пайызы толық жоспарлық қуаттылығына шықты. Тұрақты жұмыс жасауда.

Оңтүстік Қазақстанда 10 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімдері өткен жылмен салыстырғанда 44 млрд теңгеге артық өндірілді. Өсім 3,8 пайызды құрап отыр. Өңдеу өнеркәсібіне 62 млрд теңгенің жеке инвестициясы тартылды. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есеге өсті.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі