Тұрғындар жаңа үйде жылусыз отыр…

131

Кентау қаласының тұрғындары “үйімізде жылу жоқ” деп шағымданып отыр. Өйткені мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген жаңа үйлерге газ тартылмаған. Тұрғындар бүгінде пәтерін жылыту үшін электр пештерін қолдануға мәжбүр. Жылу мен ыстық суға зәру тұрғындардың жайы туралы толығырақ…

Мына көпқабатты үйлер баспана кезегінде тұрған отбасыларға берілген. Пәтерлер суық, жылу жоқ. Жалғыз себеп — бұл үйлерге табиғи газ тартылмаған. Мұнда жылудан бөлек, ыстық су да жоқ. Тұрғындар аристон қосып, пешке су ысытып, амалдап күнелтуде. Ал еселеп қолданылған жарықтың ақысы, ай соңында қалтаға да салмақ салады.

Анель Махатова, тұрғын: «Үйімізде жылытқыш қосып, аристон қойдық. Пәтер суық, тоңып отырмыз. Не істерімізді білмеймін. Наурызда газ беріледі деп уәде етті. Енді наурызды күтеміз. Пәтерді күзде алдық».

Оқиға орнына әкімдік өкілдері келіп, жағдай бақылауда екенін айтып, түсіндірді. Баспана кезегінде тұрғындардың көбі пәтерді шұғыл ретпен алған екен. Өйткені тұратын жері болмаған, дейді мамандар.

Қанат Қозғапаров, Кентау қаласы әкімдігінің өкілі: «Қазір іске қосу-сығымдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Содан кейін үйлерді көгілдір отынға қосады. Әуелде тұрғындар өздері үйге ерте кіргісі келді. Біз жылу жоқ екенін айттық. Мұндағы үйлерде адамдар 100 пайыз қоныстанған».

Қаланы газдандыруға келсек, әкімдіктегілер қосу-сығымдау жұмыстарынан кейін көгілдір отын лезде беріледі деп отыр. Айта кетелік, бұған дейін Кентауда табиғи газ мүлдем болмаған.

Жанерке Хумар