Úı ANONS 37 тұрғынды сарышаян шаққан

37 тұрғынды сарышаян шаққан

Шымкентте 37 тұрғынды сарышаян шаққан.  Олардың барлығы дер кезінде  стационарлық ем қабылдап бірер күнде үйіне шығарылған. Ал тағы 102 тұрғынға амбулаториялық көмек көрсетілген. Мамандар сарышаян шаққан жағдайда өзін-өзі емдеумен айналыспай, дереу дәрігерге қаралуға кеңес береді. Себебі оның уы адам ағзасына әсер етіп, қатты ауырсыну, бас айналу, бас ауруы мен құсу секілді белгілерді тудыруы мүмкін.

 

14 жастағы Шымкенттік тұрғынды сарышаян шағып, ауруханаға шұғыл жеткізілген. Баланың аяқ-қолы ұйып, тыныс алуы қиындаған. Жедел жәрдемді күтетін уақыт болмағандықтан, ата-ана баланы өз күшімен жақын маңдағы ауруханаға жеткізуге шешім қабылдаған. Сол мезетте полиция қызметкерлері көмекке келіп, науқасты тез арада жеткізуге ықпал жасаған. Қазіргі таңда баланың жағдайы жақсы.

 

МАДИНА ЕРМАХАНБЕТОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ Т.ОРЫНБАЕВ АТЫНДАҒЫ ГИПЕРБАРИКАЛЫҚ ОКСИГЕНАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: «27 Мамыр күні ауруханаға келіп түсті. Жағдайы орташа. Токсикология бөліміне жатқызылып үйіне 30 мамыр күні жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды. Осы уақытқа дейін 37 науқас сарышаянның шағуымен стационарлық ем қабылдаған. 102 науқас амблоториялық ем қабылдаған».

 

Дәрігерлердің сөзінше, сарышаян шаққан кезде адам қатты ауырсынуды сезінеді. Ең алдымен  адамды қауіпсіз жерге шығарып, тыныштандыру қажет. Шаққан жерді таза сумен жуып, салқын компресс басқан жөн. Ал удың ағзаға таралуын бәсеңдету үшін зақымданған қол немесе аяқты қозғалтпау ұсынылады. Сонымен қатар, міндетті түрде медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Әсіресе балалар, егде жастағы адамдар және созылмалы ауруы бар азаматтар үшін удың әсері ауыр болуы мүмкін.

 

«Сарышаян шаққан кезде адамда ауырсыну деңгейі пайда болады. Бастың айналуы болады. Құсу, бастың ауыруы. Оны үй жағдайында ауырсынуды басатын таблеткаларды қабылдаса болады».

 

Сарышаяннан сақтану үшін тұрғындарға шөп-қамысы қалың жерлерде абай болу, жабық аяқ киім кию және далада қалған киім-кешек пен аяқ киімді кимес бұрын мұқият тексеру ұсынылады. Сондай-ақ үй маңын қоқыстан тазартып, жарықшақтар мен саңылауларды бітеп отыру да қауіптің алдын алуға көмектеседі.

Нұргүл Жолымбетова