Жалпы қоғамда азаматтардың, жасөспірімдердің еш хабарсыз, ұшты-күйлі жоғалып кетуі жиі ұшырасады. Олардың жастары мен әлеуметтік статустары да әр алуан. Мысалы ойын қызығына батып ауладан алыстап кетіп, өз мекенжайынан жаңылысып қалатын балақайлар, енді бірі бір себептермен өз үйінен қашып кеткен жасөспірімдер және күнкөріс қамымен жер-жерлерді кезіп жүріп, хабар-ошарсыз кеткен азаматтар.
Бұған қоса отбасылы жанжалдың кесірінен ерлі-зайыптылар арасында да мұндай жағдай болып тұрады. Ерлі-зайыптылардың кейбірі осындай араздасудан соң, хабарсыз кетіп жасырын түрде өзге біреумен азаматтық некеде тұрып жатқандары да кездеседі. Әсіресе осылардың ішінде күйеулеріне іздеу жариялайтын әйелдер де бар. Мәселен, Қазығұрт ауданының полицейлері 10 күн бойы хабарсыз кеткен азаматты тәулік ішінде тапты. Нақтырақ айтсақ, Қазығұрт АПБ-ға жергілікті тұрғын күйеуі үйінен жұмыс істеймін деп шығып кетіп, содан із-түссіз жоғалғанын хабарлаған. Аталған жайтты тәртіп сақшылары бірден тіркеуге алды.
Азаматты табу үшін учаскелік полицейлер мен жедел уәкілдер жұмылдырылды. Жедел шаралардың арқасында қатардағы полицейлер Бақдәулет Бейсенбай мен Есенғали Төлеген екеуі, жоғалған жанның жүрген жерін анықтады. Яғни оны ауылдардың бірінде мал бағып жүрген жерінен тауып, аман-есен отбасымен қауыштырды. Өз кезегінде әйелі күйеуінің дін- аман табылғанына қуанып, полицейлерге ерекше алғыстарын жеткізді. Жас полицейлердің қырағылығына шынайы ризашылығын білдірді.