28 жыл түрмеде отырған әйел: «Ұлымды тапқанға дейін өмірдің мәні болмады»

249

Түрмеде сотты болған әр азаматтың өз шындығы мен тағдыры бар. Біздің келесі кейіпкеріміз қатаң режимдегі 167/4 колониясында жазасын өтеуде. Қазір оның жасы 50-де, алайда ол өмірінің 28 жылын темір тордың ар жағында өткізген. Бірнеше рет сотты болған әйел түрмеде болған 28 жылдан кейін баласын тапты.  

50 жастағы бұл әйел өмірінің 28 жылын темір тордың ар жағында өткізген. Ол есірткі сатқаны үшін және абайсызда 2 рет адам өлтіргені үшін сотты болған. Алғаш рет түрмеге отырғанда оның шамамен 1 жасар баласы болған. Алайда содан кейін ұлынан хабар алу мүмкін болмапты.

«Күйеуім де, мен де түрмеде отырғанбыз. Мен 96-бап бойынша, яғни кісі өлтіргенім үшін сотты болдым. Ол кездері мен базарда сауда жасайтын едім. Әлдекімдер маған шабуыл жасады, сосын мен оларды өлтірдім және бес жылға отырдым. Ол кезде менің балам бар еді. Бірақ түрмеге тоғытылғаннан кейін ол туралы мүлде хабарсыз болдым»,-дейді сотталушы.

Азаматша бостандыққа шыққан соң да ұлын көре алмапты. Себебі, оған ешкім рұқсат бермеген. Содан кейін қайтадан кісі өлтіріп, түрмеге түседі. Сөйтіп тағы да ұлымен байланыс үзіледі.

Арадан бірнеше жыл өткен соң баласы анасын іздеуге кіріседі. Алайда барлық әрекеті сәтсіз аяқталыпты.

Сотталушы: «Мен анамын. Сондықтан ешқашан ұлымды ұмытқан емеспін. Бірақ алғашында табуға мүмкіндік болмады. Сосын колония басшылығына ұлымды тауып беріңіздерші деп өтіндім. Олар қолдарынан келгеннің барлығын істеді. Мен ол туралы ешқашан ұмытпаймын. Сосын нөмірін тауып хабарластым. Сөйтсем ол да мені ұзақ іздеген екен. Фамилиям басқа болған соң біраз қиындық туындапты. Қазір менің келінім мен екі немерем бар. Видео арқылы да сөйлестік. Мен өте бақытты әйелмін».

Бірнеше рет түрмеге қамалған әйел бұған дейін өмірдің мәні болмады дейді. Тек ұлы мен немерелерін тапқан соң ғана өмірге деген құштарлығы оянған.

Қазір ол перзентіне өзі тәрбие бермегеніне қарамастан, құшағын жаюға дайын. Әрі ол бұдан кейн темір торға оралмайтынына сенімді.

Сотталушы: «Түрмеден кейін мен өмірімді отбасыма арнаймын. Мен де немерелерімді тәрбиелегім келеді. Балама уақыт бөлгім келеді. Олар мені асыға күтіп жатыр. Енді өмір сүрудің мәні бар. Бұған дейін мен кім үшін жүргенімді білмейтінмін. Түрмеден шыққан соң қайда барамын, не істеймін, қалай күн көремін мұның бәрі мен үшін қызық емес еді. Ал қазір сол балаларым үшін өмір сүргім келеді».

Колонияда кейіпкеріміз сияқты бір емес бірнеше рет түрмеге отырғандар аз емес. Әр сотталушының өз шындығы мен тағдыры бар. Бұл Қазақстандағы жалғыз қатаң режимдегі әйелдер колониясы. Мұнда ауыр және аса ауыр қылмыс жасағап сотталғандар жазасын өтеуде.

                                                                                        Мөлдір Ибадуллаева