Елордалық полицейлер алаяқтардың AnyDesk және TeamViewer бағдарламаларын пайдаланып, халықты қалай алдайтынын айтты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Тәртіп сақшылары желіде алаяқтық оқиғаларының жиілеп кеткенін атап өтті. Полицияның мәліметінше, алаяқтар үшінші тарап құрылғысына қашықтан қол жеткізуге арналған танымал және заңды бағдарламаларды пайдаланады. Мобильді банкинг дағдылары жеткіліксіз азаматтарға олар AnyDesk және TeamViewer қосымшаларын жүктеп алуды ұсынады.
Осылайша, олар мобильді құрылғыларға немесе компьютерлерге толық қол жеткізе алады. Бұл оларға ақша ұрлауды жеңілдетеді. Банк қызметкерлерінің атынан қоңырау шалу ең кең таралған қылмыстардың бірі екені белгілі. Көбінесе алаяқтар байланыс орталығының ресми нөмірлерін қайталайды және банктік карталарға қатысты кез келген күмәнді транзакцияларды сылтау етіп, адастыруға тырысады.
«Банк саласындағы білімдерін пайдалана отырып, олар өздерінің құрбандарын өте оңай шатастырады. Аңғал азаматтар алаяқтарға банк картасының деректемелерін, CVV кодтарын және алынған SMS құпия сөздерді береді, бұл ақыр соңында шоттардан ақшаның жоғалуына әкеліп соғады» деп түсіндірді полиция.
— Есіңізде болсын, банк қызметкерлері ешқашан телефон соғып, мұндай ақпаратты сұрамайды. Осындай жағдайларда барынша қырағы болып, барлық фактілерді полицияға хабарлауыңызды сұраймыз, – деді ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Талғат Бөлегенов.
Алаяқтардың құрбаны болмау үшін карта деректемелері мен SMS құпия сөздері туралы кез келген ақпарат сұралатын банк қызметкерлерінен келіп түсті деген болжамды қоңырауларды бірден үзу қажет.