Шымкентте “Ояу” атты сурет көрмесі өтті. Онда суретші Баян Бақытжанның және мүмкіндігі шектеулі балалардың суреттері таныстырылды. Іс-шара 7 наурызға дейін жалғасады. Ұйымдастырушылар түскен қаржы балалардың шығармашылық дамуына жұмсалады дейді.
15 жасар Аида Аршабайдың қылқаламынан шыққан туындысы «Ояу» қайырымдылық көрмесінде сатылымға шықты. Туғанынан сал ауруына шалдыққан жасөспірім сурет салу ерекше шабыт сыйлағанын айтады. Ал өзінің талантын көрме аясында ұйымдастырылған шеберлік сағатында байқапты.
Аида Аршабай, көрмеге қатысушы: «Мира ханым мен Баян ханымға үлкен алғысымды білдіргім келеді. Ерекше жандарға арнап осындай мастер класс өткізді. Көптеген суреттер салдық. Өзіме қатты ұнады. Көңілімнен шықты. Ерекше жандарға арналған мастер класс жоқ, тегін курстар ашылса деп үміттенемін, алдағы уақытта сурет салуға тырысамын. Осы мастер класстан кейін өмірге деген құштарлығым ашылды».
Аиданың анасы қызының бұған дейін сурет салу қабілетін байқамағанын айтады. Себебі ерекше балалардың дарынын дамытатын үйірмелер жоқтың қасы дейді ол.
Гүлзат Абдуомарова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Алғаш рет сурет салғанда мұндай туынды жасап шығарады деп ойлаған жоқпын. Салған кезде, қатты қуанып, қобалжыдым. Ерекше балаларға арналған үйірмелер жоқтың қасы, көбірек ашылса деймін. Мен қуаныштымын қызым осындай сурет салғанына, өзі табиғатты ұнатады. Табиғатты суреттеп бергеніне өте қаты қуаныштымын».
Баян Бақытжан алғашқы шеберлік сабағында балалардың талантын байқаған соң, ары қарай жалғастыруды жөн көрген екен. Олармен жұмыс істеу қиындық туғызбаған. Ал олардың тілін табуға мейірім мен махаббат көмек берді дейді көрме ұйымдастырушысы.
Баян Бақытжан, суретші, көрме ұйымдастырушысы: «Ең бірінші, әрине, қайырымдылық мақсатта, сонымен қатар шығармашылық мақсатта. 2021 жылы салған суреттерімді көрсеткім келді, сонымен қатар қайырымдылық мақсатта осындай іс шараны ұйымдастырғымыз келді. 4 рет мастер классымыз өтті, 3-4 сағаттан, ебі барлары суреттерін салды».
“Шектеусіз үміт” қорымен бірлесіп ұйымдастырылып отырған “Ояу”қайырымдылық көрмесінде суретші Баян Бақытжанның 22 туындысы және 10 мүмкіндігі шектеулі баланың 15 туындысы қойылған. Балалар салған суреттердің барлығы бірдей бағаланған. Ұйымдастырушылар бұл бағыттағы жобалар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Айта кетейік, “Ояу” қайырымдылық көрмесі 7 наурызға дейін жалғасады. Ал түскен қаражат балалардың шығармашылығын дамытуға жұмсалады дейді ұйымдастырушылар.
Гүлдана Дәурен