Мектеп оқушыларының ковид жұқтыруы 13%-ға жоғарылады

54

ҚР Премьер — министрі Әлихан Смайыловтың төрғалығымен өткен үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Баяндама жасаған елдің бас дәрігерінің сөзінше, қаңтар айының ортасынан бастап мектеп оқушыларының арасында ковидке шалдығу көрсеткіші жоғарылаған. Статистика бойынша, 1,3 есеге артыпты.

Оқушылар арасында ковид жұқтыру фактілері көбейіп жатыр. Мәселен, Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы ковид жұқтырғандардың 10 пайызынан көбі кәмелетке толмаған балалар екен. Бұл статистика елдегі бірнеше аймақта орын алып отыр.

Ал 2019 жылмен салыстырғанда қауіпті індетті жұқтырған балалар саны 13 пайызға жоғарылапты.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Жалпы ел бойынша сырқаттанушылықтың жоғары деңгейі оқушылардың арасындағы эпидемиологиялық жағдайға да әсер етті, қаңтар айының ортасынан бастап біз сырқаттанушылықтың айтарлықтай өсуін көріп отырмыз. Соңғы аптада оқушылардың арасында КВИ-мен сырқаттанушылық 1,3 есе өсті. Сондықтан 12 жастан асқан балалардың ата-аналарын балаларды вакциналау бойынша шешім қабылдауға шақырамын.»

Елдің бас дәрігерінің айтуынша, соңғы аптада тәулік сайын 8 мыңнан аса азаматтан тәжівирус анықталып жатыр.

Сондай-ақ, бүгінде 14 өңір “қызыл” аймақта, Қызылорда облысы мен Шымкент қаласы “сары” белдеуде, ал Түркістан облысы “жасыл” аймақта тұр. Ал стационардағы төсек орындар жүктемесі 31-ден 38 пайызға өскен.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Денсаулық сақтау ұйымдарында 152 мыңға жуық пациент, оның ішінде 93% амбулаториялық және 7% стационарлық деңгейде емдеуді жалғастырып жатыр. Бұл ретте, соңғы екі аптада инфекциялық төсектер жүктемесі 31-ден 38%-ға дейін 1,2 есеге, реанимациялық төсектер жүктемесі 17-ден 22%-ға дейін 1,2 есеге ұлғайды».

Үкімет басшысы кәсіпкерлерге қатысты карантиндік шектеулердің төмендегенін ескере отырып, бизнес өкілдеріне ескерту жасады.

Әлихан Смайылов «Атамекен» ҰКП-на санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауды және әлеуметтік жауапкершілік мәселесін пысықтауды тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер министрі: «Кәсіпкерлер жұмысына аса жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сауда немесе тамақтану орындарында, өндіріс алаңдарында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті шаралар қатаң сақталуы керек. Мұны бизнестің өзі қадағалауы тиіс, өйткені әлеуметтік жауапкершілік, бірінші кезекте, бизнестің өзі үшін қажет».

Айта кетейік, Қазақстанда жыл басынан бері 250 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Ал квиге қарсы екпе алуға тиісті ересек тұрғындардың 80% вакцинацияланды.

                                                                                               Мөлдір Ибадуллаева