Елді есеңгіреткен Қаралы қаңтар оқиғасынан бері 40 күн өтті. Мемлекет Басшысы Хазірет Сұлтан мешітіне барып, бүлік кезінде қайтыс болғандардың рухына құран бағыштау рәсіміне қатысты. Еске алу шарасынан кейін президент халыққа үндеу жолдады. Ол биылғы жыл еліміз үшін қайғылы оқиғадан басталғанын, халқымыз қиын күндерді бастан өткергенін атап өтті.
Бейбіт митингтің соңы мұндай тәртіпсіздікке ұласады деп ешкім ойламаған еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев енді халқымыздың тыныштығын бұзуға жол берілмейтінін жеткізді.
Қаралы қаңтарда қаза тапқандардың саны жүздеген адамнан асты. Жан түршігерлік бұл кадрлар бүкіл әлемге тарады. Мұнда туған-туыстары қайтыс болған ұлын жоқтауда. Аталған тәртіпсіздіктің ортасында Ұлттық Ұлан жауынгері болған.
«Қаңтарда бүкіл Қазақстанның тұтастығына қауіп төнді», дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл нағыз трагедия. Президент тапсырмасымен тиісті мекемелер азаматтардың әрбір ісі бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл ретте көптеген қазақстандықтар тергеудің біржақтылығына шағымданады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Қасіретті оқиғадан бері 40 күн өтті. Бүгін марқұмдардың рухына құран бағыштау үшін мешітке арнайы келдім. Қаза болған адамдардың жақындарына тағы да көңіл айтамын. Мемлекет қаралы шаңырақтарды қараусыз қалдырмайды. Мен қайтыс болған азаматтардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетуді тапсырдым».
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Ресей басшылары Кремльде кездесіп, онда Владимир Путин Мәскеу қандай жағдайда да Қазақстанның тұтастығын әрқашан қолдайтынын еске салған болатын. Ресей басшысы қаралы қаңтар оқиғасы Қазақстанда қайталанбауы үшін алғашқылардың бірі болып Кремль қолдау көрсететінін ашық айтты.
Мадина Мамыр