Шымкент: Егу бекеттерінде «Спутник лайт» таусылды

71

Шымкенттегі егу бекеттерінде «Спутник Лайт» вакцинасы таусылды. Екі апта бұрын ғана қалаға аталған вакцинаның 11 500 дозасы жеткізілген болатын. «Спутник Лайтқа» сұраныстың жоғары екенідігін қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Позилов Бақытжан бүгін тілшілердің қатысуымен өткен баспасөз мәжілісінде мәлімдеді.

Шымкентте «Суптник-Лайт» вакцинасы таусылды. Айтулы екпені салдырушылар қатары алғашқы күннің өзінде-ақ көп болды. Екі жеті бұрын ғана қаладағы егу бекеттеріне таратылып берілген препарат таусылуына байланысты, тұрғындар енді екпенің өзге түрін таңдауы қажет, дейді қаланың бас дәрігері.

Бақытжан Позилов, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Қазір ревакцинациялауға «Файзер», «Казвак», «Синовак», «Веросел» вакциналары бар. Ал «Спутник Лай»т вакцинасы қалмады. «Спутник лайт» вакцинасы жақында жеткізіледі деп күтілуде».

Қазір қалада ковидке шалдыққан 5256 науқас тіркелген. Оның 205 инфекциялық стационарда болса, 5051-і үй жағдайында амбулаториялық ем қабылдауда. Қаланың бас дәрігерінің сөзінше, үй жағдайында ем қабылдап жатқан науқастарға дәрігердің тағайындауы бойынша жергілікті емханадан тегін дәрі берілуі тиіс.

Бақытжан Позилов, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы «Коронавируспен ауырған науқастарға тегін дәрілер беріледі. Бірақ ол дәріні тек дәрігер тағайындай алады. Тегін дәрілерді мобильді бригада мамандары үйге таратып беруі керек».

Айта кетейік, инфекциялық стационарда ем қабылдап жатқандардың ішінде алты жүкті әйел мен 29 бала бар. Өкінішке қарай, жыл басынан бері қауіпті инфекцияға шалдыққан 56 науқас қаза тапқан. Ажал құшқандардың арасында жүкті әйелдер мен балалар жоқ дейді маман.

Лаура Нақыпқызы