Шымкентте 21-25 ақпан аралығында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсы өткізіледі. Әуел баста сайысқа қатысуға ынта білдірген 30 мыңға қатысушыдан қорытынды кезеңге 749 жас зерттеушілер іріктелді.
Олардың авторлығымен конкурсқа 597 ғылыми жоба ұсынылған. Бүгін Білім және Ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова додаға қатысушыларымен кездесіп, оларға сәттілік тіледі.
Шолпан Каринова, ҚР Білім және Ғылым бірінші вице-министрі: «Бұл ғылыми жобалардың сайысы 4 бағытта жасалады. Мұның 4 бағыты да Қазақстанның экономикасын дамытуға үлес қосатын бағыттар. Сондықтан, оқушыларымыздың осы орайда білім деңгейін шыңдауға жасалатын конкурстар. Республикалық осы ғылыми іс-шарада үздік оқушылар анықталады. Бұл әрі қарай өздерінің істерін жетілдіруге бір серпіліс беретін іс-шара».
Конкурсқа жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша ғылыми жұмыстар жіберілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеңімпаздарға еліміздің жоғары оқу орындарынан грант беру мәселесі қарастырылып жатыр.
Тимур Нұркешов, Республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры: «Бұл жерде оқушылардың 45 пайызы марапатталады БҒМ дипломдарымен. Одан басқа біздің Қазақстанның жоғары оқу орындарымен қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті гранттарын тағайындап, өздерінің волонтер студенттері мен жетекшілері келіп, осында концерттік нөмір қою арқылы жабылуда гранттарын тағайындап беретін болады».
Әлихан Файызханов