Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына орай Шымкент қаласында «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты республикалық пікірсайыс турнирі басталды. Ауқымды зияткерлік сайыстың ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек қатысып, қатысушы жастарға сәттілік тілеп, игі тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде жастардың білім мен білігін дамытуға бағытталған осындай пікірсайыс сайыстарының маңыздылығын атап өтіп, болашақ ұрпақтың ел болашағы үшін еңбек етуіне зор сенім білдірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл турнирдің басты мақсаты — жастардың ой-өрісін кеңейтіп, патриоттық сезімін арттырып, елдің тарихы мен мәдениетін тереңірек түсінуге шақыру. Сонымен қатар, пікірсайыс арқылы жастардың пікір білдіру дағдыларын жетілдіріп, демократиялық құндылықтарды насихаттау көзделіп отыр. Айта кету керек, қатысушылар түрлі тақырыптар бойынша пікірталас жүргізіп, өзара бәсекеге түсуде. Бұл сайыс жастардың интеллектуалдық әлеуетін дамытуға және ел бірлігін нығайтуға зор үлес қоспақ.
Шымкент қаласындағы бұл іс-шара еліміздегі жас ұрпақтың патриоттық сезімін арттырып, болашаққа нық қадам жасауына септігін тигізеді деп күтілуде. Барша қатысушыларға сәттілік тілей отырып, мұндай шаралардың ел болашағы үшін маңызды екендігін тағы да қуаттаймыз.
Турнирге еліміздің 9 өңірінен – Астана, Алматы қалалары мен Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарынан 120-дан астам команда қатысуда. Олар пікірсайыс алаңында өзара білім мен шешендік шеберліктерін сарапқа салуда.
Жарыстың төрелік ету жұмыстарына Шымкент қаласындағы үш жоғары оқу орнынан іріктелген тәжірибелі пікірсайысшылар және пікірсайыс қозғалысының аға буын өкілдері тартылған. Жалпы саны 70-ке жуық кәсіби төреші пікірсайыстың әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз етуде.
Турнир барысында қаралатын қарарлар қоғамдағы өзекті мәселелерді қамтиды. Атап айтқанда, технология, демократия, құқықтық мәдениет, білім беру жүйесі және жастар саясатына қатысты тақырыптар бойынша пікір білдіріліп, түрлі көзқарастар талқылануда.
Екі күнге жоспарланған республикалық пікірсайыс турнирі ертең қорытындыланып, жеңімпаздары анықталатын болады.







