Түркістан: Дүкен иесінің қалтасынан есірткі табылды

128

Түркістан облысында трактор бөлшектерін сататын дүкен иесінен 3,5 г есірткі табылды. Тексеріс барысында полицейлердің күдігін туғызған азамат оны сіріңке қорабында сақтаған.

Мақтаарал ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы аясында, бір дүкен иесінің іс-әрекеті полицейлердің күдігін туғызады.

Тәртіп сақшылары бірден ер азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеріп, қалтасындағы заттарды көрсетуін сұрайды.

Осы мезетте күдіктінің шалбарының сол жақ қалтасынан сіріңке қорабына салынған және ақ түсті параққа оралған айрықша иісі бар есірткіге ұқсас зат шығады.
Полицейлер алынған есірткі затын сараптамаға жолдады. Сараптама нәтижесі бойынша алынған өсімдік хош иісі бар «кептірілген марихуана» болып шықты. Салмағы 3,5 грамға жуық.

Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеді.
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, басқа да қылмыстық істерге қатысы бар – жоқтығы анықталуда.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік туралы ескертеді. Тәртіп сақшылары облыс тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға және зиянды әдеттерден бас тартуға шақырады.

                                                                                        Мөлдір Ибадуллаева