Автокөлікке сұраныс жоғары

104

Елімізде көлікке сұраныс артқан. Бірақ салондар бос тұр. Бұл Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге тән жағдай. Өндіріске кедергі болған  негізгі себептерге тоқталсақ, ол пандемия, микросхемалардың жетіспеушілігі. Салдарынан дайын көліктің құны шарықтап кетті. Жыл басынан бері елдегі орташа баға 12-15 пайызға артқан. Ал, Ресейде шетелдік көліктер құны 24 пайызға дейін өсті.

Сарапшы Артур Мискорянның айтуынша, Ресей аумағында Жапония, Корея, Еуропа брендтерінің өкілдіктері бар. Қазір көбі ондағы жұмысын уақытша тоқтатып жатыр. Яғни, кейбір әйгілі көлік маркалары енді бізде өндірілуі мүмкін. Автонарықты сараптау және мониторинг жүргізу орталығының атқарушы директоры Алмас Дүйсенбай да отандық құрастырушы зауыттарға осынау сәтті ұтымды пайдалануы керек дейді. Оның сөзінше, өндірісті дамытып, көліктерді Ресей нарығына шығаруға болады. Бірақ, бір брендті толықтай шығаруға уақыт керек.

Алмас Дүйсенбай, Автонарықты сараптау және мониторинг жүргізу орталығының атқарушы директоры: «Әрине, біріншіден, біздің нарығымыз шағын. Оны дамыту үшін оны көбірек жасау керек. Ол өзіндік құнына байланысты. Оны экспортқа шығару керек. Ол үшін әр мемлекеттің өз талабы бар. Бізде де өз нарығымызды қорғау керек. Өз өндірісімізді дамыту керек. Әр мемлекет өз өндірісін қорғайды. Сондықтан, оны бір сөзбен айта салу қиын».

Жыл басынан бері әлемде 12 млн. 340 мыңнан аса көлік сатылды. Өткен айда сатылым бойынша Қытай көш бастады. Мұнда 1,7 млн. данасы шетел асқан. Бұл былтырғымен салыстырғанда 24 пайызға көп.

Сатылым  бойынша көшбасшылардың  қатарында АҚШ пен Батыс Еуропа елдері бар. Қазақстанда  соңғы бес жылда көлік жинау мен сату көрсеткіші артып келеді. 2019 жылы елде 50 мың көлік құрастырылса, 72 мыңы сатылған. Содан бері жыл сайынғы көрсеткіш 25 пайызға артып отырған. Былтыр 118 мың көлік иесін тапты. Сатылған темір тұлпарлардың 60 пайызы отандық өнімдер.

Шынар Оразова