Орталық Мырзашөл коллекторындағы су деңгейі бақылауда

218

 

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев бастаған топ арнайы техникаларымен бірге Мақтаарал ауданына келді. Бүгін Е.Сарыбаев аудан әкімі Б.Асановпен бірге Өзбекстан Республикасы мен Қазақстан Республикасының шекарасында орналасқан Орталық Мырзашөл коллекторына барып, ондағы ағын судың деңгейін бақылады.

Қазіргі таңда орталық коллектор арқылы екі елден жалпы 113 текше метр ағын су босатылуда. Негізінен коллектордың сыйымдылығы 120 текше метрді құрайды. Кешегі күнмен салыстырғанда судың деңгейінің төмендегені байқалады.

«Интернет желілерінде Өзбекстанның біздің ауданға жақын аймақтарында су басу орын алып жатқандығы туралы фейк ақпараттар таратылуда. Осыған байланысты аудан тұрғындары дүрлігіп жатқанын жақсы білемін. Орталық Мырзашөл коллекторына күндіз-түні кезекшілік кестесі қойылып, судың көлемі мен деңгейін тұрақты бақылап отырмыз. Түндегі жаңбырдың аз мөлшерінен барлық ірілі-ұсақты коллекторларда судың түскені байқалады. Сондықтан, аудан тұрғындарын сабырға шақыра отырып, әлеуметтік желілер арқылы келген түрлі ақпараттардың рас-өтірігін тексеріп барып қана көз жеткізулеріңізді сұраймын» – деді Бақыт Насырханұлы.

Қазіргі таңда аудандағы түрлі ірілі-ұсақты коллекторлар мен арық-атыздарды тазалау үшін 10 эксковатор, 3 малютка, 2 камаз және 11 басқа да техникалар жұмылдырылған. Сонымен қатар, 139 жеке құрам аталған жұмыстармен айналысып отыр.

Айта кетейік, 2020 жылы Өзбекстандағы Сардаба су қоймасында болған апаттың салдарынан 515 миллион текше метр су Орталық Мырзашөл коллекторына құйылған болатын. Салыстырмалы түрде алғанда коллекторға қазіргі құйылып жатқан ағын су елдімекендер мен егістік жерлерге қауіп төндірмейді.

 

QAINAR KÓZМақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі