Шымкентте су басу қаупі бар аумақта алдын алу жұмыстары жүргізілуде

165

Шымкентте Бадам өзені жағасында тұратын тұрғындар су тасқынынан қорқып отыр. Алдын алмаса табиғат апатының тосын мінезі көпшілікті әбігерге салуы ғажап емес. Осы себепті қазір төтенше жағдай қызметкерлері өзеннің арнасын бұру жұмыстарын қолға алды.

Шымкентте Бадам өзені жағасында тұратын тұрғындар қауіптеніп отыр. Өйткені, көктемде таудағы қар еріп, салдары тасқынға әкелуі мүмкін. Тіпті, тұрғындардың оқыс жағдайға тап болған кезі де болған екен. Сондықтан қазір Жыланбұзған елдімекенінде төтенше жағдай қызметкерлері апатты жағдайдың алдын алу үшін тиісті іс-шаралар жүргізіп жатыр.

Мұхтархан Нажимов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Соңғы рет осыдан 3 жыл бұрын тасыды. Бәрін алып кетті. Бас жағы бұзылып тұр ғой, көрдіңіздер.  Сөйтіп-сөйтіп, су ала бастайды».

Қазір төтеншеліктер мұнда «Көктем–2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізіп жатыр. Олар елдімекендегі су басу қаупі бар үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы техникаларды жұмылдырып, бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізуде.

Мадияр Жақсыбаев, Шымкент қаласы ТЖД бастығы: «Бұл Жыланбұзған елдімекені орналасқан нығайту жұмыстары көктемде судың алдын алу мақсатында жол картасы бекітілген 2021-2023 жылдарға. Арнайы биыл жыл соңына дейін осы жерде құрылыс жұмыстары жүргізіледі толығымен».

Аталмыш іс-шараға 12 техника, 50-ден астам қызметкер жұмылдырылған. Бадам өзенінің арналары бойынша қауіпті бағыттарда тәулік бойы кезекшілік атқаратын бекеттер орнатылып, гидроқұрылыстардың жай-күйі тексеріледі.

Әлихан Файзханов