Үкімет отырысында транзиттік көлік мәселесі талқыланды

53

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауын іске асыру мәселесі қаралды. Сондай-ақ үкімет мүшелері еліміздің транзиттік-көлік әлеуетін дамытуды талқылап, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

«Менің атыма өтініш жазсын». ҚР Вице-премьері Ералы Тоғжанов «Қазақстан халқына» қорынан көмек ала алмай отырған мұқтаж науқастар не істеуі керектігін айтты. Өйткені, елімізде қордан көмек сұрап, бас тартқан соң өз ақшаларына емделіп жатқан азаматтар бар.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер министрінің орынбасары: «Енді өмір болғаннан кейін әр түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Өмірдегі әр түрлі жағдайдың бәрін ескере аламыз деп айту қиын ғой деп ойлаймын. Емдеудің стандарттары бар. Соған байланысты аурулардың түрлері де көп екенін жақсы білесіздер. Сондықтан әсіресе қиын емделетін ауруларға байланысты, өте қымбат тұратын ауруларға байланысты, сөз жоқ, Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен осы қор құрылған болатын. Бүкіл мәселе мүмкіндігінше сол қорда қаралады. Жекелеген азаматтардың сұрақтары болса, менің атыма тікелей өтініштерін жазсын. Мен оны қорға жіберемін, сол жерде қарастырамыз».

Кезекті үкімет отырысында транзиттің көлік әлеуетін дамыту мәселесі де талқыланды. Премьер министрдің айтуынша қазіргі таңда елімізді қуатты транзиттік хабқа айналдырудың мүмкіндігі зор. Ол үшін теміржол инфрақұрылымын одан әрі дамыту керек дейді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер министрі: «Біздің алдымызда тұрған ауқымы міндеттің бірі – 2025 жылға қарай транзиттік-тасымал көлемін 30 млн тоннаға дейін жеткізу. Елімізді қуатты транзиттік хабқа айналдырудың мүмкіндігі өте зор. Пандемияға және сыртқы саяси жағдайлардың әсеріне қарамастан, транзиттік-тасымал көлемі өсіп келеді. Биыл екі айдың өзінде теміржол арқылы жүк тасымалының көлемі 10%-ға, ал транзиттік жүктердің жалпы көлемі 20%-ға өсті. Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік транзит көлемі де жыл сайын артып келеді».

Ал индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі алдағы уақытта жылына 10 мың контейнерге дейін өндіреміз деп жоспарлап отыр. Министрдің айтуынша, қазір әлем елдері жүктерді контейнерлеуге қарқынды көшуде.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
«Қытаймен шекарадағы карантиндік шектеулерге байланысты еліміздің негізгі кәсіпорындары – АрселорМиттал, ERG, Қазмырыш, Қазхром, Қазминералс және YDD (УАЙДИДИ) өз жүктерін контейнерлеуге қызығушылық білдірді. Экспортты тасымалдау үшін «Қазақстан темір жолы», Исткомтранс және Fesco көлік компаниялары жеткілікті контейнерлік парк құру мәселесін қарастыруда. Сериялық өндірісті 2022 жылдың желтоқсанында жүзеге асырып, жылына 10 мың контейнерге дейін өндіру жоспарланып отыр».

Сондай-ақ үкімет отырысында Мемлекет басшысының биылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды.

Тапсырмаларды іске асыру туралы ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады. Жоба 10 бағыт бойынша 36 іс-шараны қамтиды. Олар елдің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгертуге, дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шараларды қабылдауға бағытталған.

                                                                                                 Мөлдір Ибадуллаева