Украинадағы қақтығыс Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?

102

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Украинадағы қақтығыстың Қазақстанға әсері талқыланды. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, Ресейге салынған санкция ел экономикасына да едәуір ықпал етеді. Ал жауаптылар теңгенің тұрақтылығын сақтау үшін қандай жұмыс атқарып жатыр? 

Қазақстан импортының 42 пайызы Ресейге тиесілі. Яғни, көрші мемлекет еліміздің негізгі сауда әріптесі саналады. Сондықтан Ресейге қарсы санкциялардың енгізілуі біздің экономикамызға да ықпалын тигізуде. Осылай деген Ұлттық банк төрағасы рубльдің әлсіреуінен Қазақстанның қаржы нарығына жасалатын қысым өсіп жатыр дейді.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы: «Сыртқы күтпеген өзгерістердің теріс салдарын барынша азайту мақсатында Ұлттық Банк инфляцияның айтарлықтай өсу тәуекелдерін жеңілдетуге, теңгедегі жинақтарды қорғауға және елдің алтын валюта резервтерінің орынды жұмсалуына бағытталған шаралар топтамасын іске асыруда. Біріншіден, 24 ақпанда Ұлттық Банк базалық ставканы 13,5%-ға дейін көтеру жөнінде кезектен тыс шұғыл шешім қабылдады. Бұл шешім ұлттық валюта мен инфляция деңгейіне жасалатын қысымды төмендетуге, сондай-ақ теңгедегі активтердің сақталуына бағытталды».

Ал үкімет теңгенің тұрақтылығы мен қорғалуын қамтамасыз ету үшін Теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасын іске асырады екен. Премьер министрдің айтуынша бұл жобалар Ұлттық банкпен бірлесе атқарылады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі: «Барлығына белгілі сыртқы саяси ахуалдың күрт шиеленісуі жағдайында Үкімет пен Ұлттық банк Бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыруға кірісті. Жоспар инфляцияны бақылауда ұстауға, валюта нарығында тұрақтылықты сақтауға, жұмыспен қамтуды қолдауға, жаңа жұмыс орындарын құруға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталып отыр»

Теңгелік депозиттерді қорғау аясында депозиттер бойынша сыйлықақы есептеу қарастырылған. Сондай-ақ Үкімет Ұлттық банкпен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі жаңа шаралар кешенін қабылдады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі: «Отандық өнеркәсіпті дамыту үшін экономиканы индустрияландыру және инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы импорттық тауарларды алмастырудың маңызы ерекше. Бұл орайда мемлекеттен қолдау алған кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысын өсіруге міндеттеме алады. Оларды іске асыру үшін Үкімет барлық күш-жігерін жұмсайды деп сендіремін. Біздің басты міндетіміз – халқымыздың әл-ауқатын арттыру»

Сондай-ақ, қазіргі таңда агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін субсидиялау жүйесінің жаңа тәсілдері әзірленіп жатыр.

                                                                                                  Мөлдір Ибадуллаева