15 сәуір — Ғашықтар күні: Шымкенттің ең үздік бозбала мен бойжеткені анықталды

339

Шымкентте 15-сәуір Ғашықтар күніне орай «Бозбала мен бойжеткен — 2022» байқауы өтті. Шараға үшінші мегаполистегі арнаулы және жоғары оқу орындарынан іріктеліп алынған 8 жұп қатысып, бақ сынады. 3 кезеңнен тұратын жұптық байқау тартысты өтті.

Дәстүр, махаббат, сұлулық, өнер. Бүгін Шымкент жастары «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» күніне орай ең үздік бозбала мен бойжеткенді анықтады. Қаламызда «Бозбала мен бойжеткен — 2022» жұптық байқауы өтті. Сайысқа қатысуға 50-ге жуық ұсыныс келіп түскен. Дегенмен, 8 жұп қана финалға жолдама алып, бақ сынады.

Қатысушы жұптар 3 кезең бойынша сайысқа түсті. Баянын іздеп шарлаған, Қозысын іздеп талмаған жастар арасындағы додада Абылайхан Көлбай мен Аяулым Леспаеваның жұбы 1 орынды иеленді. Қанша күндік дайындық пен төккен тер ақталды деген жұп өздерінің жеңімпаз атанарына сенген.

Абылайхан мен Аяулым: «Бозбала мен бойжеткен — 2022» байқауының жеңімпаздары: «Өте керемет сезім. Еңбек ақталды деп ойлаймыз. Бұл үшін қанша күн дайындалдық. Арасында жылап та алдық. Жақсылардың ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Бозбала мен бойжеткен» байқауының жеңімпазы атандық. Өте керемет әсерде тұрмыз».

Сайыстың ерекшелігі — бір жұп белгілі бір оқу орнының атынан қатысады. Ал байқауды ұйымдастырудағы басты мақсат — дәстүрді дәріптеу, жастардың бойындағы шығармашылық, зияткерлік қабілетін арттырып, дарынды қыз-жігіттерге қолдау көрсету дейді ұйымдастырушылар.

Мағжан Исахов, Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы: «Қазақи салт-дәстүрден, ғашықтардың хикаяларынан керемет үзінді көрсетті. Үздіктерге қомақты сыйлықтар тағайындалған. Ноутбук, планшет, смартфондар қарастырылған. Қазіргі жастардың шығармашылыққа, қазақтан шыққан ғашықтарға еліктеу мақсатында, яғни әулие Валентин күнінен жастарды жирендіріп, қазақи тұрғыда, салт-дәстүрді дәріптеу тұрғысында жыл сайын өткізу жоспарда бар».

Жұптық жарыс арнаулы және жоғары оқу орындары арасында өтті. Айта кетейік, бұл додада үздіктерді іріктеу мақсатында ең алдымен қала көлемінде кастинг ұйымдастырылған. Жарыс жүлдегерлеріне қомақты сый тарту етілді.

Ескере кетер жайт, бұл байқау Шымкентте алғаш рет өткізіліп отыр. Жастар ресурстық орталығының басшысы шараны ұйымдастыруды дәстүрге айналдыруды жоспарлап отырмыз дейді.

Гүлдана Дәурен