Редакциямызға хат жолдаған оқырман отбасының ауыр тағдырын баяндады. Кейіпкер хатын қаз-қалпында жариялап отырмыз.
Сәлеметсіздер ме? Сіздерге ата-анамның және туған бауырларымның хикаясын баяндап берейін.
31 жастамын. Әлі есімде: 8 жасымда әкем мен анам ажырасты. Әкем бақуат адам болатын. Жеке кәсіпкер. Екеуі үйленгенде орташа тұрмыстағы отбасы екен. Кейін келе әкемнің бизнесте жолы болды. Керемет үй салды. Жаңа машиналар мінді, киімнің жақсысын киді, тағамның дәмдісін жеді. Бірақ анамды менсінбеу басталды.
Оның сөзінше, шешем қарабайыр, жүрген жерінде оның ұятын шығарады,ғ өзінен кәрі көрінеді екен. Әйтеуір бас тартқысы келген адамның сылтауы бітсін бе, соңында қол жұмсаса да шешеміз кетпеген соң, бір күні анамды бір чемоданмен үйден қуып жіберді.
Оның жанына мен ғана ердім. Ағам мен әпкем саналы түрде әкемнің жанында қалуды таңдады. Олар есейіп қалған. Өздері шешім қабылдай алатын жаста еді.
Шешемнің жанында мен болған соң әкем қаланың бір шетіндегі үйленген кезінде тұрған бір бөлмелі ескі, жөндеу жұмысын көрмеген үйді бізге берді. Анам «бұған да шүкір» деп, шамасының келгенінше үйді жөндеп, бірге тұрдық.
Өзі мұғалім еді. Айлығы екеуміздің өмір сүруімізге жетті. Керемет байып кетпесек те қарапайым ел қатарлы жүрдік.
Кейде жетпей қалатын, анам нанды да қарызға алып келген күндері болып тұратын.
Бір таң қалатыным – ол баспанамыз бар екеніне шүкірлік айтты. Әкем мені іздеп келмейтін. Тек кей туған күнімде жүргізуішісінен торт беріп жіберетін.
Мүмкін «шешесін таңдап кетті» дейтін шығар. Біақ мен де оның перзентімін ғой. Арасында маған да көмек қолын созса болатын еді.
Оның жанында қалған ұлы мен қызы «күнде ресторандардан тамақтанады, кимегенді киіп, ішпегенді ішіп жүр» деген әңгімені ұзынқұлақтан естіп тұратынбыз.
Бір қызығы: олар анамды іздеп келмейтін. Мүмкін жібермеді ме, білмеймін ғой әйтеуір. Анам оларды көргісі келсе, өте сирек көрсететін. Олармен кездесуге барғанда ағам мен әпкемнен анама деген сағыныш сезілмейтін. Қайта қасынан тез кетіп қалғысы келіп отыратын. Олардың мамамды неге сонша жақсы көрмейтінін түсінбеуші едім.
Содан не керек, арада уақыт өтіп мен де мектеп бітіріп, жоғары оқуға түстім. Шешем марқұм үнемі «шіркін грантқа түсіп кетсең екен» деп тілеп отыратын. Тілеуі орындалып, грантқа оқуға түстім. «Анама ауырпашылық түспесін» деп бір кафеде сабақтан кейін даяшы боп жұмыс істедім.
Ойлаңызшы, ірі кәсіпкердің балалары – түрлі тағдыр иесі. Айтпақшы әкем шешемнен кейін бір жыл өтпей екінші рет ұйленген. «Екінші әйелімен де көп тұрмай, ажырасып кетіпті» деп естігенбіз. Содан кейін тағы біреуді алған, ол бір бала туған соң, қайтыс болыпты.
3-курс оқып жүргенімде денсаулығы мәз емес анам өмірден өтті. Әлемде жалғыз қалғандай сезіндім. Әкем мен екі баласы мені алып кеткісі келді. Бірақ бармадым. Анам екеуіміз тұрған үйде жалғыз тұрдым. Анамның жоғы менің өмірімде біраз өзгеріс әкелді.
Туғандарыма деген жеккөрініш сезімі пайда болды, әкемді де, әпкем мен ағамды да жек көрдім, көңілім қалды. Оларға енді көргім де, кездескім де келмейтінін айттым. Шешемнің өліміне соларды кінәладым. Бар өтінішім мені мазаламауын сұрадым.
Анам кеткен соң, араға бір жыл салмай, әкемнің банкротқа ұшырағанын естідім. Бар білгенім – «жанында жүрген ең жақын досы алдап кетіпті» деп естідім. Үйі де, машинасы да қалмаған. Қарызынан құтылу үшін қолындағы барын сатқан. Әйтпесе түрмеде отыруы керек болған. Енді сол уақытқа дейін дайын ақшаға өмір сүріп, әбден жалқауға айналған әпкем мен ағамның жағдайы қалай екені маған қызық болды.
Әкемнің ақшасыз қалғаннан кейін алғашқы әрекеті – менімен бірге тұруды өтінуі болды.
Мен «қараусыз қалған бір бөлмелі үйді жөндеймін» деп шарқ ұрған анамның еңбегін айтып, оларды жолатпадым.
Шешем марқұм табанынан тозып жүріп, осы ескі бір бөлмелі үйді менің атыма жазып кеткен еді. Егер үй менің атымда болмағанда олар менен сол бір бөлмелі үйде де тартып алуы әбден мүмкін еді. «Ендігі жағдайлары не болар екен» деп бәрін сырттан бақыладым.
Ағам жұмыс іздеп астанаға кетіп, қайта оралмады. Ал әпкем тұрмысқа шықты да бір жылдан соң ажырасты. Егіз қыздың анасы болды, екі баласымен күйеуден қайтты. Әкеммен бірге үй жалдап тұрды.
Жоқшылыққа төзе алмаған, отбасылық өмірде де жолы болмаған әпкем ішімдікке салынып кетті. Күнде жалдап алған үйде ішіп жататын болды.
Қыздарына дұрыс қарамайтынын естіген бұрынғы күйеуі соңында қыздарын да алып кетті. Ол бұған еш қиналмады. Қалай қиналсын, кезінде өзі анасын еш сағынбаған адам ғой. Оған масыл болған қыздарынан құтылу ол үшін мереке шығар.
Осылайша Жаратқан жалғыз күнде олардың жазасын берді. Өкініштісі бұл күндерді анамның көре алмай кетті. Егер ол аман болғанда, мүмкін қызы мен ұлын үйге алып келер ме еді, олар да түк болмағандай келер еді ғой.
Оқуымды бітіріп, жұмыс істейтінмін. Бір бөлмелі болса да баспанам бар. Өзімді тек жұмысқа арнадым. Тұрмысқа шыққым келмейтін. Тұрақты табысым бар екенін білетін әкем бір күні менен ақша сұрады. Бірден бетін қайтардым.
Не бетімен ұялмай ақша сұрап тұрғанын түсінбедім, қатты ашуландым. Сол күні көп жыладам, анамды сағындым, қиналдым. Түнде түсімде анамды көрдім, ол маған әкеме ақша беруімді өтініп тұрғандай болды. Таңертең біртүрлі боп ояндым. Екі күн сол түс ойымнан шықпады. «Анам әкемнің мұқтаж болып келгенінде көмек көрсетпегеніме ренжіді ме» деп те ойладым.
Ойлана келе «жаным тынышталсын» деп әкемді шақырып, ақша бердім. Сондағысы – 50 мың теңге. Қуанышында шек жоқ. Нанға ақша таппай қалған соң, келген екен. Үйінде қызы да аш жатқан соң маған келген-ау?
Анамның түсіме кіруі де қызының аш қалмауы шығар деп ойладым.
Алғашында қара жұмысты менсінбей, ұялып істемеген әкем кейін келе аш қалмас үшін қара жұмыс істейтін болды. Бір күні жалдап тұрған үйінен де шығарып жіберген соң туысқандары бір «времянка» үй берген екен.
Қызы екеуі сонда тұрады. Мен анда-санда ақша беріп тұрам. Әкеммен бұрынғыдай емес сәл де болсын әңгімелесем, бірақ әпкеммен араласқым келмейді. Неге екенін оны кешіре алмадым. Анам қызы мен ұлын сағынып жылағанда, соларды көруге барғанда есік алдына да шықпай қоятыны көңілімде қалып қойды ма, әйтеуір әпкеммен сөйлескім келмейді. Ол да сіңлісін іздеп жүргені шамалы. Осылайша өміріміз өтіп жатыр.
Ал мен тұрмысқа шығуға қорқам. «Анамның тағдырын қайталаймын ба» деп қорқамын. Байғұс шешем өмірдің қызығын көрмеген күйі күйзеліспен өмірден өтті. Мен де шешем сияқты болғым келмейді.
Ontustik Rabat газетінің №16 (21.04.2022) санына жарияланған