Қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте полицейлердің өміріне нақты қауіп төнгеннен соң, атыс қаруын қолдану туралы шешім қабылданды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат
Ол 2022 жылғы қаңтардың 5-інен 6-ына қараған түні Шымкент қаласының әкімдігінің ғимаратына қарулы шабуыл басталғанын айтты «Қоғамдық қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз етуге полиция қызметкерлері жұмылдырылды, олар 3000-нан астам адамнан тұратын агрессивті топтың шабуылына тосқауыл қою керек болған. Олардың көпшілігі атыс қаруларымен болды. Полиция қызметкерлері тек резеңке оқ пен жарықты-дыбысты гранаталарын пайдаланды. Алайда, көрсетілген іс-шаралар қылмыскерлерді тоқтатпады, керісінше олардың жазаланбау сенімін арттырды. Тек 3 қарулы шабуылдан кейін және қызметкерлердің өміріне нақты қауіп төнгеннен соң, атыс қаруын қолдану туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде, шабуыл жасаған 20 адам қаза тапты», — деді Бас прокуратура өкілі Орталық коммуникациялар қызметінде. Бұдан бөлек ол Алматы қаласында 4 күдікті адам ұсталғанын айтты. «Олар әлеуметтік желілер арқылы арматура кесінділерін дайындау және қиратушылар орналасқан жерге тасымалдау туралы нұсқаулар алған. Қазіргі уақытта олардың үйлестірушілерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Күн сайын қылмыстық қудалау органдары болған оқиғалардың, соның ішінде адамдардың қаза болуына байланысты мән-жайларды қалпына келтіруде», — деді Е. Қилымжанов
Бұдан бұрын хабарланғандай, қаңтар оқиғасына қатысты сот санкцияларымен 627 күдікті адам қамауда отыр.