Шымкентте әр 15 минут сайын бір нәресте дүниеге келеді

131

Шымкентте бала туу көрсеткіші өскен. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, былтыр жылдағыдан 5000-ға артық бала дүниеге келген. Сондықтан алдағы уақытта мегаполисте жаңа перинаталдық орталық салу жоспарлануда.

Шымкентте әр 15 минут сайын бір нәресте дүние есігін ашады. Бұл статистика жылдағыдан әлдеқайда көп. Мысалы, өткен жылы мегаполисте рекорд жаңарып, 33 мыңнан астам бала дүниеге келген.

Гүлмира Қоңырбаева, медицина қызметкері: «Бала туу көрсеткіші өсті. Пандемия кезінен бері ай сайын босануға келетін аналар саны көбейіп отыр. Бір күнде біздің перзентханада 50-60-қа жуық бала өмірге келеді».

Биыл да бұл үрдіс жалғасын тапты дейді дәрігерлер. Мәселен, Валентина Зарапина үшінші қызын дүниеге әкелді. Ол көпбалалы ана болуды армандайды.

Валентина Зарапина, Шымкент қаласының тұрғыны: «Үйде екі қызым күтіп отыр. Міне, үшінші қарлығашым дүниеге келді. Енді ұлым болса деп армандаймын».

Қазір Шымкентте 4 перинаталдық орталық жұмыс істейді. Алайда нәрестелердің көбеюіне байланысты орын тапшылығы байқалуда. Сондықтан жаңа босанған аналар үйлеріне ерте шығарылады. Бірақ қалалық денсаулық сақтау басқармасы бұл мәселенің шешімі емес дейді. Сөзінше мегаполиске тағы бір перинаталды орталық салу қажет.

Сәуле Дүйсенбаева, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: «Қазір бізде акушерлік төсек-орын жетпейді. Болашақта жаңа перинаталдық орталық құрылысын бастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қазір салынып жатқан көпбейінді ауруханаларды босандыру бөлімшелерімен қамтамасыз ету көзделіп отыр».

Келешекте 153 анаға шақталған қалалық перзентхананы ұлғайту көзделіп отыр. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл жеке перинаталды орталығы бар көпбейінді аурухана болмақ. Ал Шымкенттік аналар шаһарда тағы бір перзентхана салынады деп үміттеніп отыр.

Мөлдір Ибадуллаева