Елбасының туған күнінде күнгейде 172 сәби дүние есігін ашты

737

Астана күні мерекесінде Оңтүстікте 172 сәби дүниеге келді. Бұл Елорданың өзінде туылған шақалақтардан екі есе көп көрсеткіш. Елбасының туған күнінде жарық дүниенің есігін ашқан сәбилердің есімі де ерекше. Басым бөлігі Елбасы Нұрсұлтанның құрметіне орай есімдерін Нұр сөзімен бастаған.

6-шілде күні дүниеге келген Нұрсұлтан – ата-анасының үшінші баласы. Дәл Елбасының туған күнінде туылып, туыстарын қуантты.

Жанар Слайманова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Атын Нұрсұлтан деп қойдық. Сол кісі сияқты биік белестерді бағындырып, елдің азаматы болсын деген ниеттеміз бар.»

Әсел Қайыпбекованың тұңғышы да мереке күні туылған. Оның есімі – Нұрмұхаммед. Оны ата-анасы жылдар бойы, ұзақ күткен екен. Қасиетті Рамазан айында, мереке күні туылған оның есімі де ерек.

Әсел Қайыпбекова, Төлеби ауданының тұрғыны: «Бұл сәби – біздің біріншіміз. Атын Нұрсұлтан Назарбаев сияқты болсын деп Нұрын алдық, сосын Рамазан айында дүниеге келгенін ескеріп, Мұхаммед пайғамдардың есімін бердік. Осылайша атын Нұрмұхаммед деп атадық.»

Бір ғана №1 облыстық перинаталдық орталықта мереке күні 21 сәби дүниеге келген. Оның басым бөлігі ер балалар. Екеуі егіз. Осы күні дүниеге келген қыз балаларға Айханша, Ханшайым деген есімдер қойылыпты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=9OZqAXKmEDs[/youtube]

Салтанат Аққошқарова, №1 облыстық перинаталдық орталықтың бөлім меңгерушісі: «Біздің орталықта тәулігіне 20-30 бала дүниеге келеді. Ал 6-шілде күні 21 бала туылды. Бүгінгі таңда денсаулықтары жақсы. Аналарының жағдайы да бірқалыпты. Біздің орталықтың мамандары ана мен баланың амандығы үшін аянбай еңбек етуде.»

Сандарды сөйлететін болсақ, облысымызда үстіміздегі жылдың алты айында 38 307 бала дүниеге келген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1 090 сәбиге артық. Сондықтан болар, Оңтүстік елімізде бала туу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр.

Ақжарқын Таубаева, Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының ОҚО филиалы басшысының орынбасары: «Ал аудан-қалаларды алатын болсақ, халықтың тығыз орналасуына байланысты Түркістан қаласында көптеген балалар дүниеге келеді. Сарыағаш, Мақтаарал аудандарында да туу көрсеткіштері жоғары.»