Түркістан облысында орман қоры молайып келеді

183

Түркістан облысында орманды молайту жұмыстары қарқынды жүруде.Былтырдың өзінде орманшылық аумағына 300 мың түп қарағаш көшеттері егілген. Ағаш түптерінің барлығы арнайы тұқымбақтарда өсіріледі.

Түркістан облысында орман қоры молайып келеді. Мысалыға, былтыр Қайнар бұлақ елді мекенінде 90 га жерге 300 мың қарағаш көшеттері егілген. Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі бас инженерінің айтуынша, былтыр егілген талдар 5 жылда орман санатына өтеді. 2015 жылы құрылған орманшылықта қарағаштан бөлек бадам көшеттері отырғызылған. Келесі жылы тағы 100 га жерге ағаш көшеттерін егу жоспарда бар.

Қуаныш Тағыбаев, Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі КММ -нің бас инженері: «Қайнар бұлақ учаскесінің жер көлемі жалпы 1715 га. Қазіргі таңда 2021 жылы Қайнар бұлақ учаскесіне 90 га қарағаш егілді. Боралдай орманшылығына 10 га қарастырылған. Жалпы егілген көшет саны 300 мыңды құрайды.2022 жылы 200 га қаралған. Оның 100 га осы Қайнар бұлақ учаскесі, қалған 100 га Жаңаталап учаскесінде қарастырылған. Егу мәселесі бойынша жерлер анықталған. Алдағы мақсаттарда жылда 200 га-дан 25 –ке дейін көшеттер егіледі. Жылда 666 мың көшет егіледі. Онда қарағаш, жиде, жабайы өрік көшеттері қаралған».

Мекеменің жалпы жер көлемі – 33599 гектарды құрайды. Оның орманмен көмкерілгені 13515 га. Ағаш түптерінің барлығы арнайы тұқымбақта дайындалады. Онда көшеттің 30 түрі өсірілді. Тұқымбақтардан былтыр Түркістан қаласын көгалдандыру үшін 400 мыңнан астам, орман қоры жеріне 305 мың көшет босатылған. Сондай-ақ, биыл рухани астанаға 100 мың, көктемгі орман екпелерін толықтыру жұмыстарына 20 мың түп ағаш берілген. Тұқымбақтар жылына 2 млннан астам көшет дайындай алады.

Нұрдаулет Қалман, Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі КММ директорының орынбасары: «Қазіргі таңда 4 тұқымбақ құрылып тұр. Оның бірі Бөген елді мекенінде, біреуі Шымкент қаласындағы орталық тұқымбақ, үшіншісі Бөржар елді мекенінде, төртіншісі Боралдай орманшылығындағы тұқымбақ. Бүгінгі таңда Боралдай орманшылығында 15 мың түп қаламша тығылды. Орталық тұқымбақта 300 мың түп қаламша терек, қараталдар егілді. Онымен қоса күз мезгілінде шаған, емен, үйеңкі тұқымдары себілді. Жылыжайда қаламша әдісімен терек, көшеттерін дайындап жатырмыз. Қаламша әдісінің бір тиімділігі бізде 1 жылда 40-50 смге дейін өсіруге болады. Ол дегеніміз 2 классты стандарт көрсеткішке жатады».

Орман қорының жерін тілсіз жаудан қорғайтын 7 өрт бақылау бекеті бар. Биыл ені 7 метр ұзындығы 546 шақырым минералды жолақтың 1 кезеңі бойынша 200 шақырым айдалған. Өрт сөндіру мамандарының айтуынша, өткен жылы мен ағымдағы жылы орманшылық аумағында төтенше жағдай тіркелмеген.

Нұржан Сүгір, Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі КММ өрт сөндіру станциясының басшысы: «Орман қоры жерлеріне келіп демалушыларға айтарымыз жазғы уақытта өрт қағидаларын қатаң сақтаса дейміз. Өйткені бір шырпының өзі бәленбай өсін ағаштарды жоқ қылып жібереді».

Мекеменің ормансыз жерлері 20054 га аумақты құрайды. Мұнда 2021-2025 жылдар аралығында 900 га жерге көшет отырғызу жоспарланып отыр.

Олжас Айдарбек