Көктем келісімен бау-бақша жұмыстары қыза түседі. Әсіресе алма, шабдалы, шие секілді жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызу осы мезгілдің ең өзекті шаруаларының бірі. Мамандардың айтуынша, көшет отырғызудың ең қолайлы уақыты бар. Сондықтан, кеш қалмаған дұрыс. Ал, олардың бағасы қанша? Қандай көшетті қай уақытта отырғызу керек алдағы бейнематериалда.
Түрлі жеміс ағаштарының көшетін отырғызуға сәуір айының 15-іне дейін мүмкіндік бар. Бұл кезеңде жердің ылғалы жеткілікті болып, ағаштың тамыр жаюына қолайлы жағдай қалыптасады. Ал аталған мерзімнен кейін отырғызылған көшеттердің жерсінуі қиындауы мүмкін. Сондықтан бағбандар мен сатушылар уақытты тиімді пайдалауға кеңес береді. Сондай-ақ, көшетті дұрыс отырғызу ғана емес, оның күтімі де аса маңызды деп отыр. Яғни, суару, тыңайту және уақытылы баптау мол өнімнің кепілі. Ал, тұрғындары осыны ескереді ме?
ТҰРСЫНАЙ ИБРАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Биыл келіп құлпынай, гүлдерді алып кете бара жатырмын. Есік алдымның жайнап тұрғанын жақсы көремін. Негізі 8 соттық жер аздық қылады екен. Егін еккенге. Есік алдында 4 алма ағаштарым бар. Өрік бар. Шие бар».
18 жылдан бері көшет өсіріп, сататын зейнеткер, әр өсімдікті махаббатпен отырғызу керек дейді. Сонымен қатар, оның айтуынша, тұрғындардың басым бөлігі көшет отырғызу кезінде топыраққа қажетті минералды тыңайтқыштарды қоспайды. Бұл өз кезегінде ағаштың өсуіне, өнім беруіне кері әсерін тигізуі мүмкін.
ФАТИМА БАЙТАСОВА, КӘСІПКЕР: «Өрік, алма, черешня егетін болсаң, ұзын болса, арасы үш метр, ал пәкене болса, арасы екі метр. Мысалы мынау, пәкене. Мынау аямай салады. Жаздық алма. Гүлі ақ болса салады. Калифорниялық терек болса, арасын 40 см. Себебі, бұта болып, жапырақтары мол боп тұрады. Су құйып тұрсаң, шыға береді».
Айта кету керек, көпжылдық гүлдерді мамыр айының соңына дейін отырғыза беруге болады екен. Ал, шырша, қарағай, сүмбіл ағаш, арша сынды өсімдіктерді уақытынан кешіксеңіз, күзге қалдырған жөн дейді.
Қазіргі таңда базарларда жеміс ағаштарының көшеттері кеңінен сатылып жатыр. Бағасы шамамен 1000 теңгеден басталып, сорты мен сапасына қарай қымбаттай түседі.
Жалпы, көктемгі көгалдандыру, тек жеке аула емес, қоршаған ортаның көркеюіне де үлес қосады.
Нұргүл Жолымбетова






