Түркістан облысында көгалдандыру жұмыстары қарқын алды. Биыл өңірде 1 миллион түп көшет отырғызу жоспарланып отыр. Соңғы 4 жылда аймақта 146 миллионнан астам ағаш егілді. Бұл — табиғатты түлетуге бағытталған ауқымды жұмыстардың айқын көрінісі. Ал қала аумағындағы «Жасыл белдеу» жобасының жүзеге асу барысы қалай? Көшеттердің күтімі мен олардың жай-күйі қалай бақылануда?
Биыл Түркістан облысында қала мен ауылдарды қамти отырып, 1 миллион түп көшет отырғызу көзделген. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен мәжілісте айтылды. Қазіргі таңда соның 3 мыңнан астамы жерсіндіріліп үлгерген.
Көктемгі науқанға дайындық аясында шамамен 400 мың гектар жер алдын ала әзірленді. Бұл аумақтарда суару жүйелері жүргізіліп, қоршау жұмыстары негізінен аяқталған.
Жиында Түркістан қаласы маңындағы 30 мың гектар аумақты алып жатқан «Жасыл белдеу» жобасының жайы да кеңінен сөз болды. Мамандардың айтуынша, белдеудің басым бөлігі орман қорының құрамына енгізілген. Биыл бұл аймақта 100 гектар жерге жүз мың түп сексеуіл отырғызу жоспарланса, күз мезгілінде жапырақты ағаш көшеттерін егу көзделіп отыр.
Жалпы «Жасыл белдеуде» 400-ге жуық су ұңғымасы қазылып, пайдалануға берілген.
Мәжілісте облыс әкімі көгалдандыру жұмыстарын жүйелі әрі жауапкершілікпен жүргізу қажеттігін қатаң тапсырды.
Мамандар ағаш көшеттерін күтіп-баптау — олардың өсіп-өнуінің басты кепілі екенін атап өтті. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше мән берілмек. Айта кетейік, соңғы 4 жыл ішінде өңірде 96 мың гектар жерге 146 миллион түп көшет отырғызылып, табиғаттың жасыл желегі айтарлықтай ұлғайды.
Дилара Иса







