Түркістанда ауқымды көгалдандыру акциясы өтті. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 2 мыңнан астам көшет отырғызылды. Іс-шараға облыс басшылығы, жастар және қала тұрғындары белсене қатысты.
Түркістанда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында іс-шара өтті. Оған облыс әкімінен бастап, студенттер мен қала тұрғындары да қатысты. Жиналғандар жаппай көшет отырғызды.
РАЙЫМЖАН АРЫСБАЙҰЛЫ, ТҰРҒЫН: «Көшет егу рәсіміне қатыстық. Жалпы көңіл-күй жақсы. Тұрғындардың да көңіл-күйі жақсы. Жалпы осы іс-шараға барлық қазақстандықтарды шақырамын».
Акция аясында қаланың кіреберісіндегі жасыл белдеуге бір күнде 1200 түп Қырым қарағайы мен 1000 түп жапырақты ағаш отырғызылды. Сөйтіп жасыл белдеу тағы бір рет ағашқа толықты. Мамандар алда бұл аумақ саялы баққа айналады деп сендіреді. Акция тек қалада емес жалпы облысты қамтымақ.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров акция барысында барша тұрғындарды аймақты көгалдандыруға үлес қосуға шақырды. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бұл бастама қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, жасыл желектердің көлемін арттыруға және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
Айта кетейік, аймақта соңғы 4 жылда 800-ден астам ауылда 3,6 милионнан астам көшет отырғызылды. Ал биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 1 миллион түп ағаш егу жоспары бар.
Дилара Иса






