Түркістан облысында вирусты гепатиттің созылмалы түріне шалдығу саны азайған

75

Түркістан облысында созылмалы вирусты гепатиттің тіркелуі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21-ге азайған. 2021 жылдың 3 айында өңірде вирусты гепатиттің созылмалы түріне шалдыққан 138 жағдай тіркеуге алынса, осы жылдың сәуір айына дейін 117 науқас есепке алынды. ​

Вирустық гепатит клиникалық белгілері бойынша жіті және созылмалы болып бөлінеді. Созылмалы вирусты гепатит дегеніміз 6 айдан және одан да көп уақытқа созылатын бауырдың қабынуы. Жіті вирусты гепатитті уақытында емдемесе, созылмалы гепатитке айналады. Жалпы гепатиттің А, В, С, Д, Е деген 5 түрі болады.

Созылмалы гепатитті дамытатын вирустар келесі жолдармен жұғады:
-қан арқылы;
-жыныстық қатынас;
-плацента арқылы (анадан балаға);
Елімізде созылмалы вирустық гепатиттің алдын алу, анықтау және оны емдеу денсаулық сақтау саласының бірінші кезекте тұрған мәселелерінің бірі.
Созылмалы вирустық гепатиттің көрініс табуы, әдетте, кезеңдік болып келеді. Созылмалы гепатит жасырын күйде (біраз уақытқа дейін) болып, клиникалық байқалмауы мүмкін және оның алғашқы белгілері мыналар болып табылады:
• бауыр көлемінің ұлғаюы;
• іштің ауырлығы немесе жайсыздық (бауыр орналасқан оң жақта);
• оң жақ қабырға астының сыздап ауыруы, майлы тағамның жақпауы және т.б.;
• әлсіреу және шаршау;
• тәбеттің болмауы, жүрек айнуы;
• кіші дәреттің күңгірттенуі;
• үлкен дәрет түсінің өзгеруі (ашық бола бастайды);
• терінің және көз ағының сарғыштануы (сары ауру).

Аурудың алдын алу үшін гепатитке қарсы вакцинаның маңызы ерекше.
ДДСҰ мәліметінше, дәл осы иммундау шарасы жыл сайын 2-3 миллион адамды өлімнен арашалап қалуға мүмкіндік береді.
Қазір A, B, D және E гепатитіне қарсы вакциналар бар. В гепатитіне қарсы салынатын вакцина D гепатитінің алдын алуға көмектеседі.
Ал, С гепатитіне қарсы тиімді вакцина әзірге жасалған жоқ. Вирустық гепатиттің белгілері байқалған жағдайда бірден медицина мамандарына барып қаралу қажет.

QAINAR KÓZТүркістан облысының СЭБД